16.11.2018, 16:12
Қараулар: 202
Теректілік Брюс Ли

Теректілік Брюс Ли

Бұқаралық спортпен айналысу және оны дәріптеу өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына сеп болады. Елбасы, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту туралы тапсырма жүктеген болатын. Бүгінгі таңда теректіліктердің 28 пайызы бұқаралық спортқа тартылған.

Сол бұқараның ішінен шыққан Бақтығали Досқазиев – қара күштің иесі.  1969 жылы Богданов ауылдық округіне қарасты Сәрсенов ауылында дүниеге келген Бақтығали жастайынан спортқа қызыққан. Бозбала кезінде бейнетаспалардан әйгілі Брюс Лидің киноларын көріп, қимылдарын қайталауды жақсы көріпті. Сол үшін күн сайын белтемірге(турник)  тартылып, таңмен тұрып жүгіруді дағдыға айналдырады.

-Менің балалық шағымда қазіргідей спорттық алаңдар яки дене шынықтыру кешендері болған емес. Мектептің спорт залын босатпайтын едік. Брюс Ли, бертің келе Джет Ли, Джеки Чанның киноларын қарау хоббиге айналды. Солар секілді болғымыз келіп, денеміздің шымыр болуына көңіл бөлдік. Жұмысқа ерте араластық. Қара жұмысқа икемделу де спортпен айналысудың бір түрі. Қазір жастар бір тіркеме шөп түсіре алмайтын жағдайға жетті. Ал біздер жастайымыздан төрт-бес тіркемені бірден қабылдап, қынқ етпейтін едік,-дейді кейіпкеріміз.

Қазір теректілік Брюс Ли елуге кеп қалды. Отбасы бар, екі қыздың әкесі. Бірақ ол дене шынықтыру залдарынан шықпайды. Таңмен тұрып жүгіруді де тоқтатпаған. 180 келі тартатын сейфті жалғыз өзі арқасына сап кетіп бара жатқанын көргенде таңдай қаққанымыз жасырын емес. Жасы елуді алқымдаса да денесі шымыр, өзі қарапайым бұқарадан шыққан Бақтығали көптеген жастарға үлгі екені ақиқат.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ