15.11.2018, 16:52
Қараулар: 372
Айдананың шәкірттері жарап тұр

Айдананың шәкірттері жарап тұр

Баланы спортқа баулу –мектептен басталады. Білім ордасында жүріп салауатты өмір салтын ұстанған, содан соң әлемдік ареналарда топ жарып жүрген қазақстандықтардың есімдері әмбеге аян.

Спортқа қызығушылық ұстаздан әки жаттықтырушыдан туады. Федоров қазақ мектебінің мұғалімі, волейбол және баскетболдан арнайы үйірме ашып, жастарды қызықтыра біліп жүрген Айдана Нұрмухаеваның есімі облысқа белгілі бола бастады.

Өзі спортты жанына серік еткен Айдана енді шәкірт тәрбиелеп, оның тәлімгерлері аудандық деңгейді артқа тастап, облысқа қадам  басты.

Мысалы, жуырда аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастырумен өткен 2004-2005 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасындағы «Алтын доп» баскетбол жарысының аудандық кезеңінде Айдананың шәкірттері ІІ орын иемденіп, «Үздік қорғаушы» аталымында Аружан Ғалиева есімді шәкірті жеңімпаз атанған. Араға екі апта салып Федоров қазақ мектебінің қыздар командасы волейболдан аудандық турнирде желпініп, ІІ орынды жеңіп алады. Ал, команда мүшесі  Сапарова Аңсағаным турнирдің «Үздік байланыстырушы» аталымында ешкімге дес бермеген. Бұл команданы да додаға дайындап, баптаған Айдананың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

Айдананың шәкірттері енді аудан намысын облыстық деңгейде қорғайтын болады. Айта кету керек, Айдананың мектептегі жұмысы спортқа түк қатысы жоқ. Ол білім ордасынан тегін үйірме ашып, ата-аналар және мектеп басшылығының қолдауының арқасында жарыстарға шығып жүр. Күректей дипломдары бар мамандар тасада жүргенде, нәзік жанды Айдананың түрлі додаларда топ жаратын шәкірт тәрбиелеуі — үлкен еңбек пен спортқа деген махаббаттың арқасы.

Әділет ОРЫНБАСАР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар