15.11.2018, 15:25
Қараулар: 347
Теректілік жастар аудан әкімімен кездесті

Теректілік жастар аудан әкімімен кездесті

Күні кеше Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп бекітіп, жарлық шығарған болатын. Осы орайда аудан әкімі Әділ Жоламанов Мәдениет үйі залында белсенді жастармен кездесті.

Кездесуге аудан әкімінен бөлек мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев, аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, аудан әкімі аппаратының басшысы Армат Байғазиев және бөлім басшылары қатысты.

-Жастар – қоғамның қозғаушы күші, еліміздің ертеңі. Елбасымыз да белсенді жастарға үлкен сенім артып, келер жылды Жастар жылы деп жариялады. Қай сала болмасын озық ойлы, тың идеялар мен креативті бастамаларды құп көретін жастарға зәру. Салауатты өмір салтын ұстанып, ғылым-білімнің биігіне шығам дейтін әр жасқа елімізде мүмкіндік молынан,-деді өз сөзінде аудан басшысы.

Кездесу барысында «Іс үшін –За дело» ЖҚБ төрағасы Нұрлан Жасұланов жыл бойына атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады. Осы бірлестіктің арқасында ауданда тұңғыш рет шағын футболдан Теректі лигасы өтті. Сонымен қатар, жас отбасылар өзара сынға түсіп, мүмкіндігі шектеулі жастардың өнерін насихаттайтын шаралар легі ұйымдастырылған.

Жастар аудан әкіміне толғандырып жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптар ала білді. Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Нұрсәуле Аткеева  аудан әкіміне жастар атынан алғыс білдірді.

 

Әділет ӘЛІБЕК