14.11.2018, 18:23
Қараулар: 1102
Аймалхан ағылшын тілін үйретеді

Аймалхан ағылшын тілін үйретеді

«Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» қанатының  белсенді жастарының бастамасы – «English for jastar» жобасы Теректі  ауданында да жүріп жатыр.

Жоба аясында Подстепный қазақ мектебі оқушыларына Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университеті студенттері екі айдан бері  ағылшын тілін тегін үйретіп жүр. Осы мектепке екі күн дәріс жүргізуге келген  ерікті Jadoon Aimalkhan балалардың ағылшын тілін меңгеруіне көмектесті.

Пәкістандық волонтермен кездесу шарасына  «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының бірінші орынбасары Нұрхат Жанбоз қатысты.

  • Мектептегі ағылшын тілін оқыту курсына екі айдан бері қатысып жүрген оқушылардың тіл білуге талпынысы  жоғары. Мектеп бағдарламасымен қатар, курстық тапсырмаларды да мұқият орындайды. Ауызекі сөйлеп кетпегенмен, өзі жайлы айтып беруге қабілеттері жетеді. Ағылшын тілінде сөйлейтін ерікті Аймалханның келіп, үйренгендерін тәжірибе жүзінде қолдануы балалар үшін өте қызықты және пайдалы,- дейді осы мектепте екі айдан бері курс жүргізіп келе жатырған БҚИТУ студенті Жанайым Қайролла.

Балалардың тіл меңгеру деңгейін Аймалханға ағылшынша қойылған сұрақтардан-ақ байқадық. Танысу мақсатында қойылған жеке басына қатысты деректерді сұраумен қатар «қазақ тілін үйреніп жүрсіз бе?» деген сұрақ қойылды. «Шәй іш», «сүт», «Менің атым Аймалхан» деп бар қазақшасын жетізген ол өзінің ана тілі – урду екенін айтып, ән салып берді. Оқушылар қолөнер көрмесімен таныстырып, әр туынды жөнінде ағылшын тілінде қысқаша баяндады.

Мектепте  ағылшын тілінен беретін ұстаздар  білікті маман екендіктері көрінді. Сәл қолы босаған Аймалханды ортаға алған олар еркін әңгімелесіп, халықаралық қатынас тілін меңгеруде қазақтар осал еместігін көрсетті.

 

Камелия Өтеу

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар