7.11.2018, 10:06
Қараулар: 338
Қағаздағы сенбілікпен кімді алдаймыз?

Қағаздағы сенбілікпен кімді алдаймыз?

Ауданда 29 қыркүйек пен 20 қазан аралығында тазалық айлығы ұйымдастырылған-тұғын. Сенбі сайын мекеме  қызметкерлері белгіленген аумақты қоқыстан тазартып, аудан келбетінің көз тартарлық болуына септігін тигізуі қажет еді.

Өзге ауылдарға тоқталмай-ақ, аудан орталығы туралы айтайық. Федоров ауылында бес мыңнан астам халық тұрады. Көпшілік мекемелер де осы ауылда шоғырланған. Дегенмен, бір айға созылған сенбілік шын мәнінде қағаз жүзінде жүрді. Бұл жасыруға келмейтін шындық. Себебі, сенбі сайын бірігіп, көше тазалап жүрген ұжымдарды көрмедік. Көргеніміз әр мекемеден шыққан бір-екі қызметкер ғана. Сонда мұндай қағаздағы сенбіліктер не үшін ұйымдастырылады? Жиналған қоқысты арнайы полигонға тасып жатырған көліктердің де дыбысы шықпайды. Сенбілікөткен соң аудан орталығын бір кезіп шықсаң баяғы жартас, сол жартас. Осы мәселені алдыға салып, округ әкімі Болатбек Тлегеновке (суретте) хабарластық.

-Бір айға созылған тазалық жұмыстарына 1550 адам қатысты. Аудан орталығынан 37 тонна қоқыс шығарылды. МТЗ-80 тракторы (тіркемесімен) және МТЗ-100 тракторы (тіркемесімен) тазалық жұмыстарына жұмылдырылды. Сенбілікте белсенділік танытқан орталықтандырылған кітапханалар жүйесі, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, «Ақжелкен» балабақшасы, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық жер қатынастары бөлімі, Достық үйінің ұжымдарына алғыс білдіреміз. Ал аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық сот, балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, зейнетақы төлеу орталығы, аудандық жұмыспен қамту орталығы, қорғаныс істері жөніндегі бөлім секілді кейбір мекемелер тазалық айлығына мүлде қатыспады. Ауданның тазалығы мәртебеміз десек, жауапкершілік танытпаған ұжымдарға бұл айтылған сын деп қабылдаған жөн,-деді  округі әкімі Болатбек Серікұлы.

Цифрлар әдемі «сөйлеп» тұр. Санға қарасаң сапалы жұмыс жасалған сияқты. Дегенмен, көрген көзде жазық жоғы тағы бар. Әр сенбілік сайын көретініміз бұрыш-бұрышта жатқан қоқыс толы дорбалар. Оны сүйрелеп жатырған ит пен мысық. Шашылған сол қоқыс келесі сенбілікте тағы алдыңнан шығады. Округ әкімі «сайрап» тұр, бірақ қоқыс көзді «байлап» тұр.

Сенбілік өз алдына, қоқыстың иісі танауыңды тұрақты жаратын көшелер де бар. Мысалы, Больничный переулок көшесіндегі үйілген қоқыс ешкімге керек емес секілді. Қоқыс маңын қаңғыбас иттер мекендесе, көше бойы мүңкіген иіске әбден еті үйренген балғындарға толы. Жергілікті әкімдік тұрғындарға ысырады, тұрғындар әкімдікті кінәлайды.

Дәл осындай жағдай аудандық мәдениет үйі ауласының арт жағында да орын алған. Мекеме басшысы Арман Сағидоллин қоқыстың үйілуіне өздерінің қатысы жоқ екендігін айтты. Сонда ол қоқыс қайдан келген екен? Айналада тұрғын үйлердің саны да аз. Түсініксіз.

Округ бойынша 65 қоқыс жәшігі орнатылған. Әр көшеде қос-қостан тұрған қоқыс жәшігінің айналасына адам барғысыз. Оған екінші жағынан тұрғындардың өздері де кінәлі екендігін жоққа шығаруға болмас. Өзіміз де мәдениеттілікке үйренуіміз керек. Көшеміз жайрап жатса, оған алдымен сол көшенің тұрғындары, өзіміз де жауаптымыз. Алайда, барлығын халыққа жауып, қарап отырмай, әкімдік те өз міндеттерін адал атқарса дейсің. Қысқасы, қағаз жүзінде өтетін сенбіліктерді қойып, іс жүзінде тазалыққа кірісетін уақыт жетті.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар