6.11.2018, 14:43
Қараулар: 158
Жайыққа келген қаламгер аудан шаруашылықтарын аралады

Жайыққа келген қаламгер аудан шаруашылықтарын аралады

Алтын түске боялған жапырақтарға күн нұры төгіліп, көз  шағылыстырған  қазанның бір көңілді күнінде Ақ Жайық өңіріне, соның ішінде біздің ауданымызға ат басын тіреген «Серпер» сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Саят Қамшыгермен осы жолдардың авторына сапарлас болудың сәті түсті.

Алматыдан Батыс Қазақстанға арнайы келген  азаматтың мақсаты — «Мөлдір бұлақ»  жас зиялыларға арналған танымдық журналының бас редакторы, «Қазақстан ZAMAN» халықаралық қоғамдық-саяси, танымдық газетінің  тілшісінің басты мақсаты – елмен танысу,  жақсыны көру, көргенді мөлдіретіп жұртқа жеткізу.

Теректі ауданындағы сапарын аудандық  лингвистикалық гимназиямен танысудан  бастаған Саят Қамшыгер өз оқырмандары – жеткіншектермен кездесті.  Облыстағы орта білім беретін мектептердің үздік үштігіндегі гимназия оқушылары, әсіресе, журналист болуды армандап жүрген балалар оған өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, әңгімесін ұйып тыңдады.  Жазушы шығармашылыққа құмар балдырғандардың бірнешеуінен сұхбат алып, алдағы уақытта олардың жазған-сызғандарын журналға шығаруға уәде етті.

«Жақсыны көрмекке» деген бар. Ауданда, нақты айтқанда Ақсоғым ауылы маңында  әйгілі «Тынық Донның» авторы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың  саяжайы бар дегенді естіген Саят сол орынды көрсем деген тілегін білдірді. Қонақтың тілегін жерге тастамаған топ Ақсоғымға бет түзедік. «На Дону я — казак, на Урале я — казах» деп, Жайық бойындағы қазақтарды жанына айрықша жақын тартқан Михаил Шолоховты теректіліктерге басы артық таныстырудың  қажеті жоқ. Жазушының соңғы рет табаны тигеніне ондаған жыл өтсе де, саяжайдың әр бұрышы жазушы жайлы сайрап тұр.

Әрі қарай жолбасшылық  тізгінді аудан әкімінің орынбасары Лауаз Уәлиев ұстады. Ауданның экономикалық дамуына, шаруашылық  жағдайына тоқталып, кәсіпкерлік нысандарын көзбен көруі үшін кәсіпорын-қожалықтарды аралатты.

Алдымен Подстепное ауылының шетінде мал өсіріп, дәмхана ұстап отырған  Қанат Дакишевтің шаруашылығына аялдадық. Бір мезетте он алты сиыр сауатын қондырғы орнатылған жаңа мал қорасы, байлаулы бие көзді қанықтырды. Сүт-қаймақ, саумал сатады. Қымыз дайындайды. Сұраныс бар дейді қожайын. Қаладан келгендер күтіп жүріп алып кетеді екен өнімді.

Бұдан соң «Балакирев» шаруа қожалығының көкөніс сақтау қоймасына жеттік. Қысқы сақтауға 2935  тонна картофель салу мүмкіндігі бар қойма автоматтандырылған. Желдету және қалыпты температура ұстау, сөйтіп, алынған өнімді сапалы сақтау үшін қажет қондырғылар Голландиядан әкелінген. Енді, бұйырса, алыстан арбаламай, өз картобымызды «дорбалайтын» боламыз.

Әрі қарай «Теректі май зауыты» кәсіпорыны, «Cырым  KZ» мал бордақылау шаруашылығында болған қаламгер көргеніне көңілі толып, теректіліктердің тірлігіне сүйсінді.

Күні бойы «ат терлеткен» топ кешқұрым сапар нүктесін Тақсай ханшайымы басында қойды. Кешегі мен бүгінді, рухани азық пен тіршілік қарбаласын сабақтастырған саяхат осылайша мәреге жетті. Ел өміріне қанығамын деп келген журналистің де  қойын дәптері дерекке толды.

Камелия ӨТЕУ