6.11.2018, 14:02
Қараулар: 271
Ауыл ішіне жол салынады

Ауыл ішіне жол салынады

Өткен сенбі күні Подстепное ауылында «Ашық әкімдік» шарасы өтеді деген хабарды естіп, халық мәдениет үйіне жиналды. Оған  тек осы округтің тұрғындары ғана емес, бір шеті Федоровтан, бір шеті Ақжайық ауылдық округінен, ұзын-саны жиырмаға тарта  адам жиналды.

Үш сағатқа созылған шарада қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселенің дені жер телімі, баспана, жолға қатысты болды.  Аудан әкімі Әділ Жоламанов әрқайсын мұқият тыңдап, тиісті сала мамандары мен округ әкімдерін  көтерілген сұрақтар мен  мәселелерді шешуге кеңінен қатыстырды. Шешімін тапқан мәселелерді жария етті. Соның ішінде ең жағымдысы –  Подстепное ауылы ішінде жол салынатын болды. Мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория орналасқан көшеге қатқыл табанды жол төсеуге құжаттар дайын. Лесная көшесі жағына, «Таити» аумағына да жол түзеледі.  Сөйтіп, лайсаң мен қара жаңбырда керек жеріне жетуге қиналатын тұрғындар үшін жол азабы жойылады.

«Ашық әкімдік» шарасымен қатар  «Мемлекеттік қызмет жәрмеңкесін» ұйымдастырған мемлекеттік қызметкерлер келген азаматтарға   е-gov порталы мен «Өзі қызмет тұтыну» бұрышы қызметтерін пайдалану туралы мәлімет беріп, нұсқаулық буклеттер таратты.

Камелия ҚАРЕКЕСОВА