5.11.2018, 12:45
Қараулар: 563
Федоровтағы оазис

Федоровтағы оазис

Аудандағы тазалық әр тұрғынның ауласынан басталады. Бұл теректіліктердің санасына мықтап орнығуы тиіс. Ауласы тазаның – аурасы таза. Дегенмен, аула таза болып қана қоймай, сәнді әрі тартымды болса, тіптен ғажап.

Федоров ауылының тұрғыны Күләнда Рахимова өз ауласына ерекше махаббатпен қарайды. Содан шығар, оның ауласы көрер көздің жауын алады. 2006 жылы аудан орталығынан жаңа үй алған кейіпкеріміз аулаға енгенде бір орында қатып қалады. Айналаның бәрін арамшөптер қаптап, адам жүрер жолдың өзін табу қиын еді. Әдемілікті жаны сүйетін Күләнда Бақтығалиқызы іске бірден кіріседі.

-Ауланы үйеңкі, арамшөптерден тазарту үшін бақандай 3 жыл кетті. Одан кейін аулаға жиналған  күлді шығартып, ол жерге  қара топырақ және көң төккіздім. Содан соң бір жыл  аулаға арамшөп шықпауын қадағаладым. Бір жылдан кейін спорттық көгал төсеп, жан-жағына алма, алмұрт, шие, өрік ағаштарын отырғызып, гүлдің түрлі сорттарын ектім. Көгалды жеті күнде бір рет шауып, қалыпқа келтіріп отырамыз. Қазір ауланың кейпі мүлдем өзгерді. Шет елдерде мұндай аулаларды «евробақша» деп атайды. Менің аулам «евробақшаның» барлық дерлік талаптарына сай келеді,- дейді Күләнда Рахимова.

Кейіпкеріміз аудандық орталық ауруханада физиокабинеттің  медбикесі. Сонымен қатар, ардақты ана, ақ жаулықты әже. Ұл-қыздары мен немерелері бас қосқанда олар сән-салтанаты жарасқан аулада асыр сап ойнап, жеміс жинаудан қолдары босамайды. «Федоров ауылындағы ғажап» деп Күләнда Бақтығалиқызының ауласын көрсетіп, күллі облысқа мақтануға болатындай.  Жерде жатырған қоқысты алуға арланатын қоғамда, үйінің алдын таза ұстауға желкенің қыры жібермейтін заманда біздің кейіпкеріміздің ауласы оазис секілді.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар