8.10.2018, 18:06
Қараулар: 654
«NEET жастар» саны азаймай тұр

«NEET жастар» саны азаймай тұр

Ауданымызға «Жастар бастамаларын қолдау бойынша әлеуметтік қызмет» жобасын  түсіндіру мақсатында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің мүшелері ат басын бұрды.

Федоров қазақ жалпы білім беретін мектебінің акт залында болған семинар-тренинге аудандық білім беру бөлімі мен жастар ресурстық орталығы қызметкерлері, ұстаздар және БАҚ өкілдері қатысты.

Семинарда «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір жобаның мақсатымен таныстырып өтті.

  • Жастарды әлеуметтендіру сенімділік пен ұлттық тәрбиеден басталады. Жастарды әлеуметтендіру дегеніміз – шығармашылық, спорттық, әкери-патриоттық, зияткерлік, қоғамдық белсенділік, ұлттық құныдылықтарды тану, өз-өзін бағалау тұрғысынан жас толқынның болашақ тұлға ретінде қалыптасуына жалпы жағдай жасау. Әрбір баланың дамуы – ең әуелі оның өз-өзіне деген сенімділігін арттырумен тікелей байланысты. Жастарды қабілет-қарымдарына қарай бағыттап, салалап дамыту көптеген дамыған елдерде бұрынна жолға қойылған. Атаулы жоба жастарды әлеуметтендіруде осы мәселені басты назарда ұстайды. Сонымен бірге, бұл жоба жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға таптырмас мүмкіндік. Байқау үлгісінде балаларды қызықтыру, өзара бәсекелестікті арттыру — бұрыннан бар әдіс. Осы әдісті қолдана отырып, ғылым-білімге ұмтылған жас ұрпақтың сапалы тұлға ретінде қалыптасып, ел болашағына үлес қосу көзделуде, — деді бірлестік директоры Арман Серікұлы.

БҚО бойынша жоба менеджері Нұрлан Сәдір еліміздегі «NEET жастар» (NEET — халықаралық аббревиатура.  Ағылшынның «Not in Empoloyment, Education or Training» сөзінен шыққан. Яғни не сабақ оқымайтын, не жұмыс істемейтін, не тренингке қатыспайтын жастар категориясы) туралы мәлімет беріп, аталмыш жобаның 6 бағытымен толық таныстырды.

Оның айтуынша, биыл елімізде 300 мыңнан астам «NEET жастар» тіркелген. Бір қарағанда олар — қылмыскер емес, бұзақы емес, ешкімге зияны да, пайдасы да жоқ, ештеңеге құлықсыз, бос жүрген жастар. Ал ақылға салып қарасақ, бұл – сұмдық көрсеткіш. Себебі, мұндай жандар түрлі заң бұзушылық, қылмыс, бүлік жасап, теріс діни ағымдарға алданып, суицидке баруы бек мүмкін.

«Біз қолға алған жоба алты бағыт арқылы жүзеге аспақ: интелектуалдық (зияткерлік); еріктілік пен әлеуметтік белсенділік; әскери-патриоттық; шығармашылық; спорттық және ұлттық құндылық. Осы алты бағыт бойынша алты байқау ұйымдастырылып, үздіктерді анықтаймыз («Үздік спортшы», «Үздік өнерпаз», «Жас этнограф», «Үздік ерікті», «Үздік зияткер», «Әскери-патриоттық бағыт үздігі»).  Бұл байқаудың өскелең ұрпақты әлеуметтендіру ісіне өзіндік ықпалы болады деп сенеміз. Осындай жобалар арқылы «NEET жастар» саны азайып қалар», — деді Нұрлан Қуанышұлы.

Тренингте қатысушылар сұрақтарын қойып, ұсыныстарымен бөлісті. Шара соңында бірлестік басшысы белсенді қатысқан қызметкерлерге сертификат табыс етті.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА