5.10.2018, 12:52
Қараулар: 82407
ТЕРЕКТІДЕ ЖЕРЛЕСТЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

ТЕРЕКТІДЕ ЖЕРЛЕСТЕР ФОРУМЫ ӨТТІ

Теректі аудандық  Мәдениет үйінде жазушы Х.Есенжановтың 110 жылдығына орай «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы өтті.

Тұңғыш рет жүзеге асып отырған шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында өрбіп, аудан азаматтарының басын қосты.

Форумды аудан әкімінің міндетін атқарушы Алтай Тоқжанов ашып, құрметті қонақтарға қош келдіңіздер айтты. Сонымен бірге, ауданда кәсіпкерлердің көмегімен жүзеге асқан бірқатар жұмыстарды тілге тиек қылды.

Мән мен маңызы зор шараға арнайы келген ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық  әдеби сыйлығы және  «Құрмет» орденінің иегері, БҚО-ның құрметті азаматы, Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереева ұрпақ тәрбиесі, мәдениеттілік турасында әңгіме өрбітті. Теректі халқы  аяулы ақын қызына құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыс етсе, жастар арасынан Д.Есеналиева және С.Кульмуханова ақын өлеңдерін оқыды.

Ғасырдан астам тарихы бар облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин ауданда дүниеге келген тұлғаларға ерекше тоқталып, барлық салада елге аянбай қызмет жасап  жүрген теректіліктерге алғыс білдірді. Еліміздегі ең жас «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың құқықтық пәндер кафедрасының оқытушысы, «Тоғыз толғаныс» кітабының авторы Дәурен Сағынғалиев білікті педагогтардың қоғамдағы рөлі, ұстаздар мәртебесі хақында сөз қозғады.

Форум спикерлері ауданда жасалып жатырған жүйелі жұмыстарға жақсы баға беріп, осындай шараны ұйымдастырған аудан басшылығына алғыс білдірді.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Түсініктеме