17.09.2018, 11:17
Қараулар: 902
БАЛАБАҚШАДА БАССЫЗДЫҚ БАР МА?

БАЛАБАҚШАДА БАССЫЗДЫҚ БАР МА?

Қоғамда балаға зорлық көрсету, кішкентай  сәбиді ұрып-соғу фактілері күн өткен сайын көбеюде. Тіпті, ата-ана сенім артқан балабақшадағы «жаға ұстатар» жағдаяттар алаңдатып тұр.

Бала — болашағымыз, оның құқығына жауапкершілікпен қарау керек  деген пікірлер айтылғанмен, «болашаққа» жасалған зорлық-зомбылық, қиянаттар жаныңды ауыртады. Соның арасында баламызға тәрбие береді-ау деп сенім артқан тәрбиешілер бар.  Мысалы, Өскеменде балабақшадағы тәрбиеші бір сәбиді жерге алып ұрса, біреуін ойыншықпен ұрып «тыныштандырған». Бұл сұмдық жағдай бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Астана қаласында тәтті ұйқыда жатқан балаларды бірінен соң бірін ұрып оятқан, Павлодарда балақайды аяусыз төмпештеген тәрбиешілердің қылықтарын қалай ақтап алуға болады? Тамыз айының соңында Теміртаудағы «Домик» жекеменшік балабақша тәрбиешісінің жылаған баланы көрпемен тұншықтырған видеосы әлеуметтік желі арқылы тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Жан даусы шығып, тәрбиешінің қолынан сытылып шыққысы келген баланы әйел бар күшімен жібермей ұстап, көрпемен тұншықтыруын жалғастырған. Сұмдықты енді қараңыз. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуы бойынша, безбүйрек әйел үш жылдан кейін қайта тәрбиеші бола алады. Зәбір көрген баланың қазіргі жағдайы, аталмыш оқиғаның оның алдағы өміріне зардабы қандай болары еш жерде айтылмайды. Ал тәрбиесі жоқ тәрбиеші араға уақыт салып басқа балаларды қинауға қайта кірісуі бек мүмкін. Бұрын қорқынышты оқиғалар мен кейіпкерлерді ертегілерден естіп-білсек, қазір өмірде ертегілерден бекер жағдайлар орын алуда.

Әріге бармай, өз облысымызға көшейік. Күні кеше Жаңақала ауданындағы «Бөбек» балабақшасында көпшілікке түсініксіз оқиға тіркелді. Таңмен балабақшаға сау келген Расулды кешкісін анасы танымай қалды. Бет-ауызы көгерген, түрлі дене жарақаттарын алған балақайдың тәрбиешісі оны тағы бір бала ойыншықпен ұрып қалды деген. Уақыт өткесін балабақша директоры екі жасар Расул орындықтан құлап қалған деген ақпар таратты. Одан соң тәрбиеші жас маман һәм тәжірибесіз екендігін алға тартып, ақтала бастаған. Сәбиінің жан дауысын естіп мазасы кеткен ата-ана бұл сөздерге сенбейді. Оқиға таңертен болып, бірақ ол жайлы Расулдың анасы кешкісін бір-ақ білген. «Неге?» деген сауалға тәрбиеші «баланың данныйы жоқ» деп жауап берген. Сонда бала құлаған былай тұрсын, есін білмей жатса да «данныйы жоқ» деп қол қусырып отыра бере ме? Балабақша дәрігері қайда? Мекеме басшысы «ай қарап, жұлдыз санап» отыр ма? Түсініксіз.

Осындай оқиғалар балабақша және ата-ана арасындағы сенімді жоғалтады. Егер бейнебақылау камералары болмағанда Қазақстан жан түршігерлік сұмдықтар жайлы білмес те еді. Ойымды сан-саққа жүгірткен сұрақтарды көлденен тарту мақсатында Теректі ауданы орталығындағы «Ақжелкен» балабақшасына арнайы бас сұқтым. Мені бөбекжай директоры Мәншүк Дүйсеналиева(өзіне ғана белгілі себептермен суретке түсуден бас тартты) қарсылып, мемлекеттік мекеме жөнінде «сайрай» жөнелді.

-Балабақшамыз 2010 жылы қолданылуға берілді. Негізі 100 балаға арналған, дегенмен қазіргі таңда 112 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Балалармен 13 педагог маман жұмыстанады. Мойындау керек кадр жетіспеушілігі байқалады. Алайда балаға сапалы тәрбие беру үшін ол кедергі емес деп ойлаймын. Менің басшылық қызметке келгеніме 9 жыл болады екен. Шүкір, осы уақыт аралығында оқыс оқиғалар орын алған жоқ. «Ақжелкеннің» басты мақсаты – балғындарды бауырмалдыққа тәрбиелеу. Әрине, бала тәрбиесі ата-анамен бірлесе жұмыс істеуді қалайды. Ата-аналар тарапынан белсенділік болса екен дейміз. Мәдени шараларға бірге қатысып, жалпы балабақша тынысынан хабардар болуы тиіс. Ата-ана балабақшаны таңертен баламды әкеліп, кешкісін алып кететін жер деп қабылдамаса екен,-дейді М.Оралбайқызы.

Бөбекжай ауласында балалар асыр сап ойнап, тәрбиешілер қадағалап отыр екен. Орайлы сәтті пайдаланып тәрбиешілермен де тілдесіп үлгердім.

-Мектепке дейінгі мекемеде жұмыс жасап жатқаныма биыл төрт жыл болды. Осы уақыт аралығында баламен де, ата-анамен де айтарлықтай мәселелер орын алмапты. Бәрі қалыпты. Тобымда 22 бала бар. Әрқайсысының өзінің мінезі, өздеріне тән еркеліктері болады. Көңілдерін табуға тырысамын. Жиі әңгіме-дүкен құрысып, армандарын сұраймын.  Тобымдағы балалар келесі жылы мектепке барады. Сол себепті сөйлеуді дамыту, математика, орыс тілі, ағылшын тілі, дене шынықтыру секілді сабақтарды өткізудеміз. Менің балаларым үш тілде еркін санай алады. Үш тілде тақпақтар айтып, тіпті аудан көлеміндегі шараларға қатысып жүр. Баламен жиірек сөйлесіп, әңгімеге тарту керек деп есептеймін. Кешірімшіл болуға үйрету керек. Осы бағыттағы жұмыстар аясында тәрбиешілерді ата-аналар қолдау қажет,-дейді «Көкжиек» тобының тәрбиешісі Райхан Закарияқызы(суретте).

-Мен «Ақжелкен» бөбекжайына жас маман ретінде келіп, тәжірибелі тәрбиешілерден үйренгенім көп болды. Қазір кіші топта жұмыс жасаймын. Тобымда 23 бала бар. Бәрі 2 жастан енді асқан бөбектер. Бірі тамақ дұрыс іше  алмаса, бірі қасық ұстап білмейді. Тілдері енді шығып келе жатырғандықтан, қажетті дүниелерін түсіндіре алмайды. Менің мақсатым- осы бөбектерді мектеп өміріне дайындау. Жұмыс ауыр, ауыр болғанмен балаларымның тәтті қылықтары қиындықты ұмыттырып жібереді. Балалар кішкентай болғандықтан 10-15 минут сөйлеуді дамыту, дене шынықтыру секілді сабақтарды өткіземіз. Қоғамда болып жатырған жағымсыз оқиғалар ата-аналар тарапынан сенімсіздік туғызатыны рас. Бірақ біздің балабақша оқыс оқиғаларға жол бермейді. Балалардың қауіпсіздігі басты назарда. Болашақта бейнебақылау камералары орнатылса жұмыс істеу жеңілдей түседі деп сенеміз,-деп ойын қорытты «Жұлдыз»  тобының тәрбиешісі Айгүл Сұлтанова.

Тәрбиешілер өз пікірлерін айтудан именбесе, керісінше ата-аналармен сөйлесу мүмкін болмады. «Бәрі жақсы» деп қашқақтаған ата-ана өзара бастары қосылғанда балабақша жұмысын сынаудан алдарына жан салмайды. Алайда, «менің балам қандай тамақ жеп жатыр,яки бүгін немен айналысты» деп қызығушылық танытар ата-ана жоқтың қасы. Дегенмен бала санасына бауырмалдық қасиетті сіңірген «Ақжелкенге» именбей бөбегіңді апаруға болады екен.  Дегенмен, баламыздың бөбекжайда өткізген уақытына немқұрайлы қарамаған абзал. Ұл-қызыңызға  жаныңыз ашып, қамқор боп тұрсаңыз, тәрбиешілермен қарым-қатынасты  нығайтсаңыз жоғарыда аталған сұмдықтардың саны бәлкім азаяр. Әйтпесе, ұлт болашағын кімге сеніп тапсырарымызды білмей басымыз қатары сөзсіз.

 

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ