17.09.2018, 11:04
Қараулар: 1245
 » 
ЖАСТАР Q-POP-ҚА НЕГЕ ҚҰМАР?

ЖАСТАР Q-POP-ҚА НЕГЕ ҚҰМАР?

Бұл мақаланың жарық көруіне Алмагүл есімді оқырманымыздың  хаты арқау болды. Ол інісінің болашағы үшін алаңдап, бізге хат жолдапты. Түсінікті болу үшін хатын толықтай назарларыңызға ұсындық. Газетіміздің бүгінгі нөмірінен жастарымыз ынтызар болған «q-pop» жанры туралы аудан тұрғындарының пікірлерін оқи аласыздар.  

«Құрметті редакция алқасы! Менің есімім – Алмагүл. Теректі ауданының тұрғынымын. Сіздерге көптен бері мазалап жүрген бір жағдайды баяндағым келіп отыр.  Жақында інімнің шашын алғызуға шаштаразға бардық. Кезек күтіп отырмыз. Келушілердің санында шек жоқ. Зал лық толды. Шаштараздардың үлгермей жатқанын сезіп отырмыз. Бір кезде шашын көк түске бояған, құлағына сырға тағып,  мұрны мен ерніне пирсинг жасатқан бір жігіт келіп, қасымызға отырды. Ұзын шашын артқа қайырған бейтаныс жігіттің жүріс-тұрысын бағанадан зерттеп отырған інім: «Апатай, мен де шашымды көкке бояйыншы»,- деп қиғылықты сала бастады. Мектепке кіргізбей қалатынын айтып, әрең дегенде шашын боямауға көндірдім. Айтқанынан қайтпайтын інімнің ештеңе деместен келісе кеткеніне өзім де таңқалып отырмын. Сөйтсем, дауыл алдындағы тыныштық екен. Бәрі шаштараздың алдына барғанда басталды. Көз жасын көлдетіп, ақыры төбе шашының ұзындығын қалдыртты. Өзі мәз. «Енді Баладан аумаймын», — деп айнаға қарай береді.

— Қайдағы бала? Балалардың шашының ұзындығы иығына жеткенін қайдан көрдің? – деп дүрісе қоя бердім.

— Бала деген – әнші, «91» тобының мүшесі. Менің кумирім. Сол әншіні үлгі тұтам. Қазіргі шашымның үлгісі дәл Баланыкіндей. Көкке боясам, тіпті қатып кетейін деп тұр. Мектеп бітірген соң, шашымды қалаған түсіме бояп, «q-pop» бағытында ән айтамын,- деді.

Мен не айтарымды, қандай ақыл-кеңес берерімді білмедім. Сол күннен бастап, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдым десем де болады.  Себебі, інімнің болашағына немқұрайлы қарай алмаймын. Оны түсінгім келеді. Құрметті журналистер қауымы! Маған көмектесіңіздерші. Бұл бағыт дұрыс па?»

Алмагүлдің хатын оқып болысымен, мен де ғаламтордан «q-pop» туралы мәлімет іздедім.

Уикипедиядағы мәліметке сүйенсек, Q-pop  (Qazaq pop) «қазақ поп» сөзінен шыққан. 1990 жылдары батыстық электроникаэлектропопхип-хоп, заманауи ритм-н-блюз (R’n’B) элементтерін өз бойына сіңірген, Оңтүстік Кореяда құрылған K-pop жанрынан бастау алған жаңа музыкалық жанр. Бұл субмәдениет  Қазақстанда  алғаш  рет 2015 жылы пайда болды. Осы жанрда алғаш рет өнер көрсеткен топ — 91. Одан соң басқа да поп топтар шыға бастады. Олар: RenzoBlack DialMoonlightCrystalsNewton. Əншілерден: Ziruza, AyreeAssunAlime. Бұл бағытта өнер көрсететіндер күннен-күнге көбеюде.

 

Сағидолла ИЗДЕЛЕЕВ, кәсіби әнші:

-Менің ойымша, әр музыкалық жанрдың өз тыңдарманы бар. «Өнер жолы — ауыр жол» демекші, қай сала болмасын, көп еңбекті, дайындықты қажет етеді. Q-pop – қазіргі жастардың арасында ерекше мәнге ие бағыт. Мысалы, 91 тобы біреулерге сырт келбетімен ұнамауы мүмкін. Алайда солардың арқасында көптеген шет елдің тұрғындары біздің ана тілімізде ән шырқауда. Және тағы бір қуантатын жайт, қазақ әнін менсінбейтін, қазақ болып туғанына өкінетін кейбір шалақазақтарымыз өз елінің әншілерімен мақтанатын болды. Бұл — үлкен жетістік. Әлемнің түкпір-түкпірінде  түрлі музыкалық байқаулар өтеді. Сонда бақ сынайтын әншілер тек дәстүрлі немесе классика жанрында ғана ән айтады десек, қателесеміз. Демек, мұндай бағыт біздің қоғамымызға қажет. Өз тыңдарманы бар өнер иесі ешқашан өшпейді, өлмейді. Әріптес болғандықтан, бұл бағытты ұстанған қыз-жігіттерге шығармашылық табыс тілеймін. Алар асулары әрқашан да биік болсын.

Айгүл ҚАЙРОВА, атаана:

Бұл жанр біздің қазақ халқы үшін жат. Осы бағытта ән салып жүргендердің ұлттық өнерге қосар пайдасы бар деп ойламаймын. Нағыз талант болмаған соң,  құлақ құрышын қандыратын ән шығара алмайтыны анық. Олар сахнаға шыққанда, дауыс диапазоны немесе талантына емес, түріне қарай бағаланады. Сол себепті, аталмыш бағыттағы әншілер шаштарын түрлі түске бояп, сырға тағып, ерекшеленуге мән береді. Мен мұны өнер деп санамаймын. Онсыз да әлсіреп тұрған ұлттық құндылықтарымыздың құлдырауына  жол ашып бергендейміз. Талғам мен тәрбиеге кері әсерін тигізуде. Жастардың бойындағы патриоттық сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін басқа арнаға бұрып жатыр. Мұндай өнер иесі болғанша, қыздарымыздың ар-намысын қорғайтын, бастама жасап, жастарға үлгі бола білетін нағыз ерлер қатарынан болғаны жақсы еді.

Мерует АБУЕВА, оқушы:

Q-pop-ты, әрине, қолдаймын. Олар — өте еркін адамдар. Әндері де әсерлі. Энергетикаға толы. Өзім 91 тобы мен Зирузаның әндерін тыңдаймын. Әр бейнебаяндарын асыға күтемін. Сүйікті тобымның сұхбаттарын көрген сайын олардың өте қарапайым жандар екеніне көзім жетті. Шоу бизнесте жүрген кей әншілер сияқты «жұлдыз» ауруымен ауырмайды. Әр тыңдарманын қадірлейді. Олармен ай сайын кездесу өткізіп тұрады. Q-pop бағытындағы әр әншінің өз жанкүйері бар.  Біз, 91 тобының жанкүйерлері, өзімізді «иглздар» (қырандар) деп атаймыз. Қазақ шоу бизнесін «су астынан шығарған» — Q-pop, яғни 91 тобы. Бұл – ащы да болса, шындық. Біз, жас жеткіншектер, бұл бағытпен мақтанамыз. Ағылшындарда «Сырт келбет алдамшы» деген мақал бар. Бұл әншілердің түріне тиісе бермей, өнерін бағалауымыз керек. Қазақ тілінің өте бай, әдемі екенін өзге елдің тыңдармандарына дәлелдеген де осылар. 91 тобының қазақша сөздерді ағылшын тілінің әуезіне келтіре ән орындауы – нағыз тапқырлық. Сондықтан, дүние жүзі жастары олардың әндерін жатқа айтады. Той бизнес пен шоу бизнестің айырмашылығын айқындап берген аға-әпкелеріме ризамын.

Еламан ЗЕЙНУЛИН, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ақпараттық талдау  маманы:

Мен ән десе, ішкен асын жерге қоятын жандардың қатарынанмын.  Табиғатыма өте жақын болғандықтан, рэп бағытын бәрінен артық көремін. Студент кезімде k-pop, q-pop  жанрындағы әндерді де тыңдадым. Қазіргі таңда жастардың 75%-ы (олардың ішінде мектеп оқушылары мен студенттер де бар) осы жанрды сүйіп тыңдайды. Әр қадамдарын аңдып отырады. Q-pop жанкүйерлерінің көпшілігі – қыздар. Ұлдар, мәдениетті түрде айтсақ, бұл бағытты қолдамай, қарсы шықты. Бірақ, өкінішке орай, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» анық қой. Бүгінгі таңда ерлеріміздің де көздері үйренгендей. Шу шығармастан өте шығады. Менің ойымша, q-pop  жастарымызға теріс бағдар беруде. Ұлдардың қыздар сияқты боянып-сыланғанынан артық қандай қасірет бар?  Заманымыз қандай болса да, біз нағыз ер азаматтарды тәрбиелеу керекпіз. Ер мен әйелдің арасында әрқашанда шекара болуы тиіс.

P.S. Өрімдей жастарды елітіп, құмар еткен q-pop әншілеріне тұрғындарымыздың көзқарасын оқыдыңыздар. Біреулер қолдап, қорғаса, кейбіреуі қарсы шығуда. Бұл – қалыпты жағдай. Мақалаға арқау болған музыкалық жанрдың пайдасы да, зияны да зор екеніне көзіміз жетті. «Мемлекеттік тілімізге мұрын шүйіргендер қазақ тілінде сайрап жүр» деп бөркімізді аспанға атып, атойлап жүріп, қазақы келбетіміз бен менталитетімізді жоғалтып алмасақ болғаны.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ