23.08.2018, 15:41
Қараулар: 284
Елдіктің арқауы – Ата Заң

Елдіктің арқауы – Ата Заң

Конституция –  мемлекеттілік айғағы. Ата Заңымыз бүгінгі заманның барлық көкейтесті мәселелерін толықтай қамтып, мемлекет құрлысына айқын баға бере алады. Еліміздегі оң өзгерістердің бастауы да осы Конституцияда жатыр. Ата Заңымыздың негізінде бейбіт қоғам құрған еліміз қазіргі кезде татулықтың тал бесігіне айналып отыр.

          Еліміз өз тәуелсіздігін орнықтырып қана қоймай, одан әрі нығайып, әлем таныған мемлекетке айналып отыр. Қазақстанның жүзеге асырған экономикалық, әлеуметтік, саяси қайта құрулары мен қол жеткен жетістіктері түгелдей Конституциямызбен тығыз байланысты екені күмәнсіз. Құқықтық-демократиялық зайырлы қоғам құру бағдарын ұсынған Қазақстан екі палаталы кәсіби Парламентін, биліктің жеке тармағы түріндегі әділетті сот жүйесін қалыптастырды. Өткен жиырма екі жыл ішінде көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Сол заңдардың қайнар көзі, бастауы – Конституция. Қолданыстағы Ата Заңымыз азаматтардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруларына сапалық және құқықтық негіз жасап, қоғамды одан әрі демократияландыруға кең жол ашты. Қазақстанның  құқықтық дамуының негізгі бағыттары экономикалық бостандық, баршаның заң алдындағы теңдігі түрінде көрініп отыр. Елімізде бүгінде құқықтық қоғам құру үрдісі зор күш алып келеді. Оның басты белгісі тәуелсіз сот жүйесінің қалыптасуы және барлық даулы істердің сот арқылы шешімін таба бастауынан байқалады.

Ата Заңымыз қабылданған 23 жыл ішінде құқықтық мемлекеттің негізі қаланып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қазіргі заманға сай тәуелсіз, егемен мемлекеттіліктің барлық атрибуттары жасалып, оның қызмет ету принциптері айқындалды.

Елімізде жүргізіліп жатқан сот реформасының аясында да көптеген игі істердің атқарылғаны белгілі. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үрдісі мен үлгісіне ұмтылған тәуелсіз сот билігі, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асырудың өркениетті жүйесі қалыптасты. Мұның бәрі Ата Заңның жемісі, жеңісі.

 

Ұлықпан Бақышев,

Теректі аудандық №2 сотының бас маманы