19.07.2018, 15:20
Қараулар: 330
Тасада жүрген батыр

Тасада жүрген батыр

Юбилейный ауылының тұрғыны Миржан Қуанышқалиев деген жігіт жайында мен ел аузынан естідім. «Өз өмірін қатерге тігіп, өзгенің өмірін ажалдан арашалаған» деген сәтте нендей оқиғаның орын алғанын біле түскім келді.

Кейіпкердің әкесінің айтуынша оқиға 1 маусым күні болған. Барбастау өзеніне шомылуға барған 13 жасар Жасмин және 15 жасар Күмісай мен Мадина ойынның қызығына түсіп, өзеннің тереңірек жеріне жетіп қалады. Үш қыз да жүзу білмейді.  Бір-біріне жабысып,  суға батып шығып-жатқан кезінде Күмісай Мадинаны сүйреп жағаға алып шығады. Ал араларындағы Жасмин су бетінде мүлдем көрінбей кетеді. Жан дауысы шығып айқайлаған Күмісайдың дауысын өзенге жақын жерде жүрген Миржан естіп, еш ойланбастан суға күмп береді. Бірақ Жасминды бірден таба қоймайды. Судың астын бойлай жүзген Миржан Жасминды көріп, жағаға қиындықпен алып шығады. Жасмин ес-түссіз еді. Суды көп жұтқан қызға дәрігерлік көмек жасалып, бір ажалдан аман қалады.

Бүгінгі таңда осындай әрекетке көп адам бара қоймайтынын ескерсек, Миржанның бұл ісі нағыз ерлік деуге болады. Бірақ кейіпкеріміз қарапайым боп шықты. Құтқарылған қыздың ата-анасының алғысын алған ол, болған жайтты тіс жарып ешкімге айтпайды. Егер «ел құлағы – елу» болмағанда, тасада жүрген батыр жайлы халық білмейтін еді.

Ажалдан аман қалған қыздардың ата-аналары Жұбаниязова Нұргүл мен Мұқанова Ақмаралдың жүрегі түкті жігітке айтар алғыстары шексіз.

  • Осындай ержүрек ұлды өсірген, тәрбиелеген жандарға бас иіп, рахмет айтамыз. Қыздардың бағы бар екен. Миржандай баламызға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. «Газетке жазамыз, ел білсін» деген сәтте ол сәл ғана жымиып, «Оның қажеті жоқ, апа» деген сөзінің өзі қарапайымдылықтың нағыз үлгісі деп білеміз. Айналайын, балам! Алла разы болсын,-дейді көзіне жас алған қос ата-ана.

Міне, ел арасында осындай да батырлар бар. Батырлық пен жүректілікті бойына жинаған Миржан Бейбітұлын дүйім қазақ тануы тиіс секілді.

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар