19.07.2018, 15:16
Қараулар: 327
Сенсацияға толы мундиаль!

Сенсацияға толы мундиаль!

Бақандай  бір ай, бір күнге созылған Ресейдегі аламан аяқталды. Футболға аңсары ауған жанкүйердің делебесін қоздырып, дөңгелеген дүниенің назарын аударған мундиаль сенсацияға толы болды.

Ешкім сенім артпаған, тіпті көршілес ағайынның өзі болашағына күмәнмен қараған Ресей құрамасы айды аспанға шығарып, 1/8 финалда азулы испандықтарды жеңіп кетті.  Бұның өзі жарыс қожайындары үшін жетістік еді. Ширек финалда Хорватия құрмасына матч соңындағы пенальти бойынша есе жібергенін ескерсек, Станислав Черчесов шәкірттері орыс ағайындарға ұялмай қарай алатын дәрежеге жетті. Сөз басында «сенсация» деп қалдық қой?!

Сенсацияның «көкесі» топтық кезеңде орын алды. 2014 жылы әлем чемпионатын жеңіп алған немістер Ресейде тіпті топтан шыға алмай қалды. Одан кейін әлемдік жұлдыздар Месси мен Криштиану Роналдуға сенім артқан Аргентина мен Португалия, шабуылда ойқастаған Неймар мен Жезус, қорғаныста Марсело мен Миранда секілді саңлақтары бар Бразилия, әлем чемпионаты басталарда бас бапкерсіз қалған испандықтар, Луис Суарес пен Эдинсон Каваниды үкілеп топқа қосқан Уругвай финалдың «ауылына» жете алмай, елдеріне ертерек билет алды.

Керісінше, фавориттер қатарынан саналмаған құрамалар жасындай жарқылдап, керемет ойын өрнегін көрсете білді. Солардың қатарында Хавиер Эрнандес, Гильермо Очоа сынды жүйріктерді баптаған Мексика, жарыстың 3 орынына таласқан Бельгия мен Англия, өз жанкүйерлерінен күш алып, жасыл алаңда желпінген,  Артем Дзюба, Денис Черышев, Илья Кутепов, Марио Фернандес сияқты ойыншылардан жасақталған Ресей құрамасы, желден жүйрік Ахмед Муса, ағылшындық «Челсидың» ойыншысы Виктор Мозес намысын жыртқан Нигерия құрамасы бар.

Күллі әлемнің сүйіктісіне айналып, миллиондаған жанкүйердің қолдауына ие болған Хорватия құрамасы туралы әңгіме тіптен бөлек. Златко Далич баптайтын хорваттар нағыз командалық ойын көрсете білді. Алаң ортасында Лука Модрич пен Иван Ракитич, шабуылға дем берген Анте Ребич пен Иван Перишич, өз қақпасына да, өзгенің қақпасына да гол соға білетін Марио Манджукич сынды футболшылар көп күтпеген нәтиже бере білді. Қорғаушылар мен қақпашының ойыны ерекше мақтауға лайық. Түріктің «Бешікташында» доп тебетін Домагой Вида, мадридтік «Атлетиконың» жұлдызы Шиме Врсалько, италияндық «Миланның» қорғаушысы Иван Стринич, «Ливерпульмен» Чемпиондар Лигасының финалында өнер көрсеткен Деян Ловрен және француздың «Монакосының» жейдесін киетін Даниель Субашич командалық ойынның негізін қалағандар деуге толық дәлел бар.

Енді чемпионат барысындағы санды мәліметтерді сөйлетіп көрейік. Биыл 169 гол соғылды, орта есеппен әр ойында – 2.6 гол.

Ресей жерінде 12 автоголдың куәсі болдық. Бұл да – рекордтық көрсеткіш. Бұған дейінгі ең көп автогол 1966 жылы тіркелген.  Төрешілер ойыншыларға 219 сары қағаз, 4 қызыл қағаз көрсетті. Орта есеппен әр матчта 3.5 рет ескерту жасалып отырған.

Жоғарыда атап өттік, қола жүлде үшін болған матчта Англия мен Бельгия кездесіп, соңғы аталған құрама Томас Менье мен Эден Азар салған голдардың арқасында жеңіске жетті. Бельгия құрамасының ойыншысы Тибо Куртуа аламанның «Үздік қақпашысы» атанды.

Финалдық ойын жанкүйер үмітін толықтай ақтады. Мәскеудегі «Лужники»  стадионында өткен матчтың нағыз қаһармандары Франция мен Хорватия құрамалары болды. Алдымен, хорват ойыншысы М.Манджукич өз қақпасына гол соғып алды. Араға аз ғана уақыт салып Хорватия құрамасы есепті теңестірді. Гол авторы- И.Перишич. Содан соң француздар іске кірісті. Антуан Гризман пенальтиден гол соғып, құрамасын алға шығарды. Ойынның екінші бөлігінде П.Погба мен чемпионаттың «Ең үздік жас ойыншысы» атанған К.Мбаппе хорваттардың осал тұсын тауып, есепті 4:1 – ге жеткізді. Хорватия құрамасы шабуылды үдетіп, сол баяғы Манджукич енді қарсылас қақпасына гол соққанмен бәрі кеш болатын. Осылайша араға 20 жыл салып Дидье Дешам баптайтын Франция құрамасы әлем чемпионы атанды. Хорватиялық Лука Модрич жарыстың үздік ойыншысына берілер «Алтын допты» жеңіп алды.

 

 

Айтпақшы… Ресейде өткен доп додасы бойынша «Теректі жаңалығы» газеті шағын байқау ұйымдастырған болатын. «Әлем чемпионы қай құрама болады?» деп әлеуметтік желілерде оқырмандарымызға сауал тастап, бірінші боп ойын жеткізген 5 оқырманның пікірін газет бетінде жарияладық. Франция құрамасына жанкүйер боп, Дешам шәкірттеріне сенім артқан аудан тұрғыны Жарас Оразгаликов байқаудың жеңімпазы атанды. Оқырманның өзі Астана қаласында іссапармен жүргесін, жеңімпазға  арналған футбол добын газет редакторы Н.Сисенбаева Жарастың анасы Сәния апайға табыстады.

 

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар