4.07.2018, 12:10
Қараулар: 191
Елордадан — Теректіге!

Елордадан — Теректіге!

Ауданымызда абыройлы қызмет атқарып, қазіргі таңда Астана қаласында үлкен мінберде жүрген жерлестеріміз жетерлік. Соның бірі  — Артур Мағзомов. Отандық телеарналарда түрлі жобалар арқылы елге танылып, қазақстандықтарды жағымды жаңалықпен сусындатып жүрген Артур Орынғалиұлымен тілдесіп, аудандық басылым арқылы теректіліктерді мерекемен құттықтауды сұраған болатынбыз. Базынамыз жерде қалмады.

  • Өзім жұмыс істеген «Теректі жаңалығы — Теректинская новь» газетінің аудандағы жалғыз басылым болған соң арқалаған жүгі ауыр. Өйткені, екі ауданның ізінде құрылған әкімшілік аумақта түрлі ұлт өкілдері мекендейді. Сондықтан бір газетті екі тілде шығару, Ақжайық беті мен Федоров жағындағы оқырмандардың көңілінен шығу, тізгінді тең ұстау оңай емес.

Теректіге келген кезімде ауданның құрамында 18 ауылдық округ болатын. 2013 жылы аудандық газеттің редакторы болып жүріп, Федоровтан Астанаға көштім. Әрине, қоңыр тірлік кешкен ауданнан өмірі қым-қуыт қайнап жатқан Елорда арасында жер мен көктей айырмашылықтар болды. Бірақ өзім оқыған, студенттік жылдарым өткен бас қалаға тез үйреніп кеттім.

Мен туған өлкеге келіп, облыстық, аудандық ақпарат құралдарында жұмыс істегеніме қатты қуанамын. Өйткені, мектеп бітірдік те алысқа кеттік. Каникулда келгенде пойыздан түсеміз де, Ақжайық пен Жаңақаланың үстімен ауылға тартамыз. Басқа ештеңе көрмейміз. Ал жергілікті ақпарат құралдарында жұмыс істеген кезде облыстың барлық ауданын аралап, ірілі-ұсақты елдімекендерінде болып, өңірдің тарихымен, өлкенің ерекшелігімен, қаншама адамдармен танысып, достар таптым. Жақсы адамдармен жолықтым. Ол мен үшін үлкен олжа.

Қазір Елордада Батыс Қазақстан облысына, Теректі ауданына қатысты бір ақпарат шықса елең етіп, жерлестеріме хабарласып отырамын. Ал Астана, Алматы секілді үлкен қалада оқыған адамның бәрібір сол жаққа аңсары ауып тұрады. Ол өз өлкеңді менсінбеу емес, керісінше бәсекелестік ортада неге өңірдің атын шығарып, өзіңді мойындатпасқа деген құлшыныстан. Астанаға қайта оралғаннан кейін жаңа тынысым ашылды. 6-7 жылдай жүріп Оралдан, Теректіден жинап келген рухани қазынам арқылы алдымен «Хабарға», кейін «Евразия» телеарнасында бағдарламалар бөліміне жұмысқа кірдім. Ток-шоуда продюсер болып жүрген жерімнен, мені жаңалыққа ауыстырды. Көп кешікпей Президенттік пулдың құрамына алды. Елбасының сапарымен неше түрлі мемлекетке бару мен үшін әрі жетістік, әрі жауапкершілік.

Ендеше, жасыл-желекпен көмкерілген, түгін тартсаң майы шығатын жері құт, таяқ қадасаң тал болып өсетін топырағы құнарлы Теректі тұрғындарын Елорданың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Астана елдің шаңырағы болса, өңірлер оны тіреп тұрған уықтар іспеттес. Тоғыз жолдың торабында жатқан Теректі ауданының болашағы зор, келешегі кемел.

 

Артур МАҒЗОМОВ,

арнайы Астанадан