4.07.2018, 12:03
Қараулар: 941
Қос журналистің жеңісі

Қос журналистің жеңісі

Өткен апта аудан үшін, соның ішінде төл басылым тілшілері үшін жемісті болды. «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» газетінің жауапты хатшысы Әділет Орынбасаров республика көлемінде,  газет тілшісі Аягөз Айтқалиева облыс көлемінде желпініп, жүлделі болды.

Тарқатсақ, өңірімізге танымал ақын, тірі кезінде құрметке бөленбеген, Тайпақтың таланты Сағат Әбдуғалиевтің 70 жылдығына орай республикалық-аймақтық ақындар мүшайрасы жарияланған болатын. Облыстағы іргелі шаңырақ Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет орталығы мен Ақжайық ауданы әкімдігі ұйымдастырған мүшайраға 28 ақын қатысып, олардың арасынан үздік деген 8 ақынның өлеңі марапатқа ие болды. Солардың арасында теректілік ақынның да жүрекжарды туындысы бар. Әділет Әлібекұлын облысымызға танымал ақын Сағынтай Бисенғалиев марапаттап, мүшайраның Хамза Есенжанов атындағы жүлдесін(30 мың теңге) табыстады.

Араға бір күн салып облыс орталығында «Тіл мен тілші» байқауының жеңімпаздары  анықталды. Бұл жолы да теректіліктердің бәсі бөлек болды. Қаламы қарымды һәм тапқыр тілшіміз Аягөз Айтқалиеваның тіл тағдыры турасындағы мақаласы облыс көлемінде үздік деп танылып, журналист 100 мың теңге көлеміндегі сый-сияпатты еншіледі. Айта кету керек, аталмыш байқауға облыстың кіл мықтылары қатысып, солардың ішінен оқ бойы оза шапқан Аягөз Айбарқызын да жеңісімен құттықтаймыз!

Қос журналистің аудан абыройын лайықты деңгейде қорғап, тұғырдың биік сатысына жайғасқандары – мақтаныш. Олай болса, қаламдарыңыз жүйрік болсын, әріптестер!

 

Камелия ӨТЕУ