4.07.2018, 11:42
Қараулар: 455
Ақжайықта жалындаған жастар бар

Ақжайықта жалындаған жастар бар

Подстепный ауылындағы Мәдениет үйінде Астана қаласының 20 жылдығына арналған  «Жалынды жастар – Ұлт рухы» атты аудандық жастар форумы өтті.

Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрсәуле Аткеева ашып, жүргізіп отырған үлкен жиынға  жастар жетекшілері, ауыл жастары, «Дипломмен ауылға»  бағдарламасымен жұмыс жасап жатқан жас мамандар, жас кәсіпкерлер, белсенді жастар жиналды.

Жалынды жастар алдында  Теректі ауданы әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов  сөйлеп, аудан тынысына жастық жігермен леп беріп жүрген теректіліктерге алғысын айтып, алдағы уақытта да осы қалыптан таймауды айтып, тілек білдірді.

Бұдан соң Батыс Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы А.Сакошев сөйледі. «Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалы менеджері Зарина Ықсанова «Жетістікке жету – тынбай еңбектену» жөнінде айтты. «Uralsk Today» инстаграм парақшасының администраторы Сұлтан Ерғалиев «Әлеуметтік желілер» жөнінде баяндады.

Жас ақын, кәсіпкер Дәурен Шамұратов шығармашыл жастарға өз сөзін арнады. Ерікті, Орал қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Оралбек Жандауов, «Ақиқат» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы   Мерген Сүлейменов өз қозғалыстары жайында мағлұмат берді. Өңірге танымал жас ақын, «Жас Отан» жастар қанатының аудандық филиалының төрағасы Әділет Орынбасаров жиылған жастарға жігер беріп, Ақжайыққа арнаған өлеңін оқып берді.

Форум әрі қарай жастардың пікір-ой бөлісуімен жалғасып, түс қайта секциялық жұмыстар ұйымдастырылды.

 

Камелия Қарекесова