21.06.2018, 16:18
Қараулар: 418
Аға тергеуші Асылбек

Аға тергеуші Асылбек

Асылбек — Жайықтың жағасында құм кешіп, толқынына қарсы жүзіп өскен ауыл баласы. Ержеткен соң ауыл шаруашылығы өндірісінде ыстыққа күйіп, суыққа төзіп және әскер қатарында шыңдалған жігіт қоғамдық тәртіп қызметіне бірден қабылданады.

Сөйтіп, бұл салаға 1995 жылы өз қалауымен келген жас жігіт 1996-1998 жылдар аралығында Шымкент қаласындағы заң колледжінде оқып, шеберлігін шыңдады. Сондай-ақ, Оралдағы ҚазИИТУ-да оқып, жоғары білім алды.
Бұл күнде жасы қырықтың төртеуіне келіп, жігіт ағасы атанған Асылбек Жолдыбайұлы — Ақжайық учаскелік полиция бөлімінде тәжірибелі де, белді қызметкерлердің бірі де, бірегейі. Осы саладағы тергеу қызметінде істегеніне он сегіз жыл болған ол бұл жылдарда талай қылмыстың бетін ашқан. Оның осы қасиетін кейінгілер үлгі-өнеге тұтса, өзі қатарлас әріптестері мақтан етеді.
— Асылбек өз ісіне мұқият, жауапкершілігі жоғары азамат, — дейді полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Нұркен Шамғалиев, — Қызмет бабында өзіне тапсырылған істі қалтқысыз орындайды. Сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа да белсене қатысады.
Асылбек үй ішінде қамқор отағасы. Зайыбы Әсия — «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеші. Екеуінің тұңғышы Аяжан осы жылы 7-сыныпты бітірді. Кішісі Аяулым 5-сыныпты үлгілі аяқтады.
Міне, полиция қызметкерлерінің төл мерекесін атап өтер күн де келді. Мереке қарсаңында осы бөлімнің он бір қызметкері бөлім бастығының ұсынысымен, облыстық ІІД әкімшілігінің қолдауымен түрлі марапатқа ұсынылған болатын. Солардың арасында аға тергеуші, полиция подполковнигі Асылбек Тлеков мерекелік медальмен марапатталды.

Мұхамбет Жұбандықов