21.06.2018, 16:10
Қараулар: 375
Сұрқы кеткен саябақ

Сұрқы кеткен саябақ

Аудан орталығы – бүгінгі тіршілігіміздің айнасы іспетті. Онда орын алып жатырған жақсылықтар мен тың жобалардың көңіл қуантатыны тағы бар.

Дегенмен, аудан көлеміндегі ірі құрылыстарды ауыз толтырып айтып жүргенде, іргеде тұрған, назар аударуды қажет ететін мәселелерді елемейтініміз жасырын емес. Солардың бірі – Федоров ауылындағы демалыс саябағы. Күрделі жөндеуден өтіп, жаңа тыныс алған аурухананың жанында орналасқан саябақтың бүгінгі сиқы осындай.
Жаз уақытында адам біткен кешкісін таза ауыз жұтып, балаларын ойнатып, серуендеуді аңсайды. Алайда Федоров ауылында Достық үйі алаңы, орталық стадион және осы саябақтан басқа барар жер жоқ. Тіпті бала ойнайтын, емін-еркін асыр салатын орын жалғыз осы десек, артық айтқандық емес. Бірақ, саябақтың іші арамшөптерге толы, күтім көрмеген, балалар ойнайтын әткеншектердің өзі «хәл үстінде».
Бұл жайтқа кім жауапты? Әрине, ішін қоқысқа толтырып, ішкен-жегендерін айналаға шашып кететін тұрғындарға демалыс мәдениетін қалыптастыру керектігін де атап өткен жөн. Көп нәрсе тек тұрғындарға байланысты емес қой?! Осы саябақты күтіп ұстауға жауапты мекемелер, тым болмағанда, айына бір рет шөптен тазартып, аптасына бір рет айналасын жиыстырып жүрсе бәрі қазіргідей болар ма еді? Өздігінен туындайтын сауал көп. Жауапқа келгенде үнсізбіз. Тіпті, кішкентай балаларымыз ойнағанда қауіп қай жерден келеді екен деп алаңдайсың. Темірден жасалған ойын құрылғылары жөндеу былай тұрсын, түгелдей ауыстыруды қажет етеді.
Осы саябақты «гүлдендіруге» аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, соның ішінде дене шынықтыру-сауықтыру кешені жауапты екен. Мән-жайды сұрау үшін кешен басшысы Ә.Ақнажимовке хабарластық. Бірінші күні басшы «жарысқа кетуіне байланысты» орнында болмады. Екінші күні Әлібек Бекетұлы-мен тілдесудің реті келді. Тыңдасақ, саябақты күтіп-ұстауға бір бірлік, яки бағбан бөлінген екен. Жалақысы — 27 мың теңге. Қазіргі таңда саябақтың сұрқы кетуіне осы бірлікке адам табылмауы себеп болған-мыс. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне сұраныс жіберілген. Алайда, жауап жоқ. Сосын түсінгеніміз, жанымыз ашып отырған саябақ Федоров ауылдық округі әкімдігінің теңгеріміне берілмекші екен. Аудан орталығының тұрғындары мен қонақтары демалуға тиіс саябаққа жауапты мекеме басшысы осыдан артық ештеңе айтпады.
Түсініксіз нәрсе жетерлік. Егер жаз бойы бағбан табылмаса, сонда саябақ «орманға» айнала ма? Одан кейін де жауапты мекеме аз жалақы және адам қажеттілігін сылтау ете ме? Осы кезеңге дейін саябақтың ішіне қандай абаттандыру жұмыстары жүргізілді? Егілген гүл, күтім көрген тал, жан-жағы әсемденген орындарды көрмеген соң, осы сауалдар туындап отыр. Ендігі бар сенім — Федоров ауылдық округі әкімдігінде. Теңгерімге алғасын саябақты тентіретіп жібермесе болғаны. Бұл мәселеге қарапайым тұрғындар да алаңдаулы. Кеш болса, саябақта жүрген бір-екі отбасын ғана көресің. Олардың өзі амалсыз жүрген кейіп танытады.
Саябақты суретке түсіріп жүргенде қолында орағы бар тұрғынды көзіміз шалды. Демалыс орынын арамшөптен тазартып жүр. Тілдескенімізде, арамшөпті жинап, қояндарына апарады екен. Мұндайда қазақ «бір оқпен екі қоян атты» дейді. Бірақ, бұл жан қоян атып емес, қоян асырап жүр. Көңіліміз жылып кетті. Дәл осындай қамқорлық жекелеген тұрғындар тарапынан және жауапты мекемелерден бірдей туындаса қандай ғажап болар еді?!
Саябақтың алдағы уақыттағы тыныс-тіршілігі назарда болады. Осы мақаладан соң Федоров тұрғындары іші –сырты қалыпқа келген, хош иісті гүлдері қолқаңды жаратын, көрер көз сүйсінер демалыс орынында бос уақыттарын өткізер деп ойлаймыз.
Әзірге түйгеніміз де, көргеніміз де осы.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ