21.06.2018, 15:58
Қараулар: 398
Ертеңгі күнге сенім – жетістік кепілі

Ертеңгі күнге сенім – жетістік кепілі

Ауданға жұмыс сапарымен облыс әкімі Алтай Көлгінов келіп, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы және әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Алдымен, облыс басшысы Федоров ауылындағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы барысымен танысты. 36 пәтері бар нысанның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында басталды. Жоба құны — 400 млн. теңгеден астам. Қазіргі таңда іргетасты қалау және жер асты жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үй құрылысы әлі қарқын алмағанымен, қазірдің өзінде 4 теректілік жұмыспен қамтылып отыр.
Одан кейін өңір басшысы Алтай Сейдірұлы жергілікті халықпен кездесіп, мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерге сәйкес атқарылатын жұмыс жоспарымен бөлісті. Сонымен қатар, Федоров ауылындағы 16 жалдамалы тұрғын үй құрылысын тексерді. Аудан әкімі аталмыш нысанның құрылысы өткен жылы басталып, Астана күніне орай тапсырылатынын хабарлады. Осыған орай, өңір басшысы жаңа тұрғын үйдің аулаларын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын бастауды тапсырды.
Аудан әкімі К.Жақыпов мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, су, газбен қамтамасыз етілу, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар және жол құрылысында атқарылған жұмыстарды жіпке тізді. Ағымдағы жылы аудан бойынша екі мыңға жуық жер телімі берілгелі жатыр. Жеті елді-мекенге көгілдір отын келеді. Асыл тұқымды малдың саны өткен жылғыдан 370 басқа өсіп, 7700- ден асып жығылған. Сонымен бірге, Орал-Шалқар каналында қалқымалы сорғы станциясымен қоса су бөгетінің құрылысы, Сары Өмір ауылындағы сауықтыру лагері, Тоқпайдағы көпқабатты 19 пәтерлік үй құрылысы, «Федоров-Ақсай» тас жолын жөндеу жұмыстары да қарқын алып, осы жылы нәтижесін береді деп күтілуде.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Алтын ханшайым» кесенесінің құрылысын көзбен көріп, кесене қабырғасының астыңғы бөлігіне бір шелек лай құйды. «Туған жер» және «Қасиетті Қазақстан» бағдарламаларына сай салынып жатқан құрылыс меценаттар есебінен жүргізілуде. «Заңғар» жеке кәсіпкерлігі қолға алған жобаның құны 8 млн. теңгені құрайды. Кесенені тұрғызу жұмыстары тамыз айында аяқталады. Айта кету керек, облыстық тарих және археология орталығы 2012 жылы Теректі ауданы аумағындағы Долин ауылының Тақсай қорған кешеніне жүргізген археологиялық қазба жұмыстары кезінде «Алтын ханшайым» табылған еді. Ағаш бөренемен жабылған жерлеу орнынан аса қымбат әшекей бұйымдарына көмкерілген әйел адамның мүрдесі шықты. Басында шошақ төбелі алтын бас киім болған. Жерленген орнынан сексеннен аса алтын бұйым табылды. Бұл ескерткіштің түпнұсқасы қазір Ұлттық музейде сақтаулы тұр.
19,4 км құрайтын «Подстепное-Федоров-РФ шекарасынан» бастап Алғабас станциясына дейінгі автожолды күрделі жөндеуден өткізуге 2,6 млрд.теңге бөлініп, тақтайдай жолды көрер күн де алыс емес. Жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырған «ТҮРКІСТАН ЖОЛСЕРВИС» ЖШС өкілдерімен кездескен облыс басшысы жұмыстың сапалы атқарылуын тапсырды.
Оған қоса, облыс әкімі «Махорин Г.В» шаруа қожалығына барып, агроөнеркәсіптік кешеннің даму жайын көрді.
— Ағымдағы жылы облыс бойынша 450 км.-ден астам жолды жөндеу жоспарда бар. 2-3 жылдың ішінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы дерлік жөндеу көреді деген сенім бар. Елбасымыз «Экономиканың драйвері – ауыл шаруашылығы» деген болатын. Расымен, ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлінуде. Тұрғын үй салу мәдениетін заман талабына қарай жасау керек. Елді –мекендерге көгілдір отын, таза ауыз су тарту жұмыстарын жалғастыратын боламыз. «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын назарда ұстау маңызды. Ауданда жасалып жатырған жұмыстарға жақсы баға беруге болады. Тек осы қарқынды жоғалтпау қажет, — деп жұмыс сапарын қорытты облыс әкімі.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

100 нақты қадам

Басқа да мақалалар