30.05.2018, 16:15
Қараулар: 769
«Men Qazaqpyn» мегажобасы – Теректіде!

«Men Qazaqpyn» мегажобасы – Теректіде!

«Қазақстан» РТРК» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Men Qazaqpyn» халықаралық мегажобасының екінші маусымына іріктеу кезеңдері басталды. Биыл «Men Qazaqpyn» жобасына еліміздің 14 аймағынан 180-ге жуық аудан орталықтары мен ауылдарында іріктеу кезеңдері өтетін болады. Аудандық іріктеуден өткен жеңімпаздар облыстық байқауға өтіп, бақ сынасады. Ұлттық арнаның ауқымды жобасына корпорацияның аймақтардағы филиалдары белсене атсалысуда. Екінші маусым «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында һәм Астана қаласының 20 жылдығына орайластырып өткізілмекші.

Аудан таланттарын көзбен көріп, облыстық кезеңге жолдама беру үшін арнайы келген «Ақжайық» телеарнасы басшысының орынбасары Клара Қамбетова және облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Мәулет Жұбатовты аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов қарсылап, Достық үйі алаңындағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды. Одан соң этномәдени орталық өкілдері өз жұмыстарымен таныстырып, қонақтар №2 саз мектебі оқушыларының жетістіктеріне қанықты.

Мәдениет үйі сахнасына қаз-қатар тізілген үміткерлерге де кезек келді. Киелі сахна төрі әсем әннің әуезімен көркемделіп, күмбірлеген күй құлақ құрышын қандырды. Құрамында облыстан келген арнайы өкілдерден бөлек, аудан әкімінің орынбасары А.Тоқжанов, аудандық мәслихат хатшысы Ә.Нұрғалиев және аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры А.Сағидоллин бар қазылар алқасы тоғыз үміткердің арасынан 3 үздік қатысушыны анықтады. Облыстық кезеңде аудан намысын  термеші Дәурен Жұмағалиев(Федоров ауылы) және қос күйші Омар Ғаббасов(Подстепный ауылы), Айдана Насырова(Федоров ауылы) қорғайтын болады.

 

Әділет ӘЛІБЕК