27.04.2018, 18:29
Қараулар: 1056
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту назарда

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту назарда

Теректі аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі К.Жақыповтың төрағалық етуімен көктемгі далалық егіс жұмыстарын жүргізу және мал шаруашылығын дамыту жөнінде жиын өтті. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ж.Халиуллин, ауыл шарушылығы тауар өндірушілері, қожалық басшылары, мекеме басшылары  қатысты.

Елбасымыз ағымдағы жылдың 10 қаңтар күні «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аграрлық салаға қатысты үшінші міндетте — «Ақылды технологиялар» — агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндіктерін атап көрсетті. Елбасымыз агроөнеркәсіптік кешен субьектілеріне банктік несиелердің құнын төмендету үшін тиімсіз субсидияларды қайта қалпына келтіру міндетін қойды.

Аудан орталығында өткен жиынның да  мақсаты — Жолдаудан туындайтын міндеттерді іске асыру бағытында «ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын» және «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» туралы ақпараттық және түсінік-кеңес беру.

Алдымен сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ж.Халиуллин жаңа технологияларды қолдана отырып, дәнді, майлы, мал азықтық, картоп, көкініс сияқты дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту керектігін атап өтті.

  • 2017 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша төрт жақты, яғни ҚР ауыл шаруашылғы министрлігі мен облыс әкімдігі, «ҚазАгро Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және «Ұлттық аграрлық ғылыми – білім беру орталығы» арасында 2017 – 2021 жылдарға арналған меморандум жасалған болатын. Осы меморандумда көзделген көрсеткіштерді орындауды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі мен аудан(қала) әкімдіктері арасында да 2017-2021 жылдарға арналған келісім жасалды. Аталмыш меморандум бойынша Теректі ауданында 2018 жылы жалпы егіс алқабы 121,5 мың гектарды құрауы тиіс, -деді өз сөзінде Жасұлан Жолдыбайұлы.

Басқарма басшысының орынбасары өсімдік пен мал шаруашылығы бағытында жүзеге асырылатын субсидиялау бағдарламаларына да тоқталды.

  • Мысалы, қазіргі таңда мал шаруашылығы бойынша субсидиялау бағдарламаларын оңтайландыру жүргізілуде. Бұл мәселелер облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерімен, бизнес өкілдерімен талқыланып, облыс әкімдігі атынан тиісті ұсыныстар АШМ-не жолданды. Айта кету керек, АШМ тарапынан қолданыстағы субсидиялау бағдарламаларына талдау жасалып, кейбір субсидиялау түрлеріне өзгерістер еніп немесе толықтай алып тастау жоспарлануда. АШМ ұстанымы бойынша босатылған қаражаттар субсидиялаудың басым бағыттарына қайта қаралып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін төмендетілген  пайызбен несиелендіру көзделуде, — деді баяндамасын қорытқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ж.Халиуллин.

Жиын аясында аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Досмақов, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы А.Шонаев, «КазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалының заңгері Б.Жұбаниязов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалының несие беру бойынша кеңесшісі А.Темірғалиев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының несие менеджері Ш.Сәрсенова, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Б.Нығметжанов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Тасенова өз салалары бойынша баяндама жасады.

 

Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ