13.04.2018, 11:42
Қараулар: 348
Өсер елдің ұланы – өнерлі

Өсер елдің ұланы – өнерлі

Бүгін аудандық Мәдениет үйінде дәстүрлі «Балдәурен» балалар шығармашылығы фестивалі өтті.

Жастайынан ән мен жырға, күй мен биге икемді болып туған балалар бұл өнер додасында барын салып-ақ бақты. «Жүзден жүйрік шығар» таланттарды анықтауда Асыланбек Шайхин, Жанар Тайшыбаева, Лариса Сексенбаева, Айбек Дәулетқалиев сынды шәкірт тәрбелеп жүрген өнерлі мамандармен қатар жас режиссер Арман Шыңғали да әр өнерпазға баға беріп отырды.

Әсем нақышталған сахнада балалар  эстрадалық вокал, халықтық музыка, хореография, халық әні, поэзия жанрларында бақталасты.

Байқауға хореография жанрында қатысқан «Ақбота» (Ақжайық), «Улыбка» (Покатилов) би топтары шамамен тең түсіп, 2 орынды бөлісті. Төңкерістің «Алтынгүлі» мен ақжайықтық «Назерке» ІІІ орынға ие болды.

Одан соң кезек киелі домбыраға берілді. «Шалқыма» күйімен шалқытқан Зияда Хайруллина (Федоров)  І орынды иеленді. Халықтық музыкадан шеберлік көрсеткен  Мейірім Амантай (Ақжайық) – ІІ орында. Ермахан Тельманов (Ақсуат)  — ІІІ орында. Қазақтың болмысын танытқан терме орындауда екі-ақ жас өнер көрсетті. Ақжайықтың тумасы Ақбота Есетова — І орында. Федоровтық Аңсағаным Сапарованың еншісіне ІІ орын тиді.

Өлеңнен өрнек өрген ақынжанды қыз – Назерке Жайлыбаева (Юбилейный ауылы) поэзия жанрында ІІ орын, Абай ауылынан келген Олжас Ұлықпан  ІІІ орыннан көрінді.

Ең тартысты да қатысушы көп жиналған жанр – эстрадалық вокал. Бұл аталымда І орын шағатайлық Шахзода Ситонованың қанжығасына байланды. ІІ орынды Бейбарыс Гарифуллинов (Федоров) пен Гаухар Сисенғалиева (Ақсуат) тең бөлді. ІІІ орын үш әншіге – подстепноелық Жансая Дүйсенғали мен Айару Өтеміс, ақжайықтық Дарина Мұрадимоваға бұйырды. Қызу қолдауға кенелген покатиловтық Карина Сунцова «Көремен көзайымы» аталымымен марапатталды.

Байқау бойы тапжылмай, әр қимыл мен орындауға мұқият қарап отырған әділқазылар шешімі осындай болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздарға үкілеген үміт тағып, «Балдәуреннің» облыстық кезеңіне жолдады.

Камелия Өтеу