27.02.2018, 20:38
Қараулар: 444
От – қауіп көзі

От – қауіп көзі

Көп жылдар бойы жайқалып өскен жасыл желекті алқап бірнеше сағаттың ішінде отқа оранып, жойылып кетуі мүмкін. Орман өртінен кейінгі көрініс жан түршігерліктей: көрікті демалыс орындары қара күйе ағаш бағандары мен өңсіз құлаған үйінділерге айналады.

Орман өрттері әр түрлі себептерден болады. Олардың басым көпшілігінің себебі  – сөндірусіз қалдырылған от, тұтанған темекі қалдықтары мен шырпы, құрғақ шөпті жағу. Жаз мезгілінің басы мен орта кезі орман үшін өте қауіпті мезгіл, ыстық та аңызақ, соңы қатты желге айналады. Былтырғы шөпті өсімдіктер, түскен жапырақтар әбден кеуіп, жану материалдарына айналады.

Өрт қауіпті мерзімде мемлекеттік орман қоры аумағында: жас қылқан жапырақты орман отырғызылған жерде,  бұрын болған өрт орындарында, бүлінген орман участкелерінде, жарылған ағаш қалдықтары мен дайындалған отындары бар орман ішіндегі ағаш кесетін жерде, кеуіп қалған шөпті өсімдіктер орындарында от жағуға тыйым салынады.  Аңшылық кезінде оталғыш немесе бықсығыш материалдардан оқты қолдануға, жанармай заттарын сүрткен материалдарды арнайы қарастырылмаған жерлерге тастауға, іштен жанатын қозғалтқыш қуат көзі жүйесінің ақауы бар машинаны қолдануға болмайды.  Орманда  темекі шегуге немесе  ашық түрде от қолдануға тыйым салынады.

Мемлекеттік орман қоры жерлерінде және іргелес жатқан учаскелерде құрғақ шөп, тал-шыбық, бұталарды орман ішінде, жайылымда, орылған егістік орнында жағуға тыйым салынады.

Орманда отпен абай болыңыз!

  Әсет Есмақов,

Ақжайық орман және жануарлар

 дүниесін қорғау жөніндегі ММ-нің

орман күзету және қорғау инженері