30.11.2017, 13:54
Қараулар: 1000
Подстепный ауылында мәдениет үйі ашылды

Подстепный ауылында мәдениет үйі ашылды

Жиырма жылдан астам күткен қуанышты жаңалықты ауыл тұрғындары Тұңғыш Президент күніне орай естіді. Сәні мен салтанаты жарасқан мәдениет үйінің ашылуына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

-Нысан құрылысына Елбасы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қаражат бөлінді. Бұл ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуаныш, ұмытылмас сәт. Тәуелсіздік жылдары 10 мыңдай тұрғыны бар осы ауылдың өзінде іші-сырты бірдей келіскен мектеп, дәрігерлік амбулатория және балабақша салынса, енді оған мәдениет үйі қосылып отыр. Келесі жылы осы нысандарға жеткізетін қатқыл табанды жол тартылып, тротуар салынады,-деді облыс әкімі Алтай Сейдірұлы.

Салтанатты шара барысында ауыл тұрғындары атынан Абылай Меңдіғалиев  облыс басшылығына алғысын жеткізді. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарын жүргізген «Альтаир» ЖШС –нің бас директоры Сергей Потиченко сөз тізгінін алып, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Мәулет Жұбатовқа мәдениет үйінің символдық кілтін табыс етті.

Мәдениет үйінің лента қию рәсімін БҚО әкімі А.Көлгінов және ауыл ақсақалы А.Меңдіғалиев өткізді.

Мерекеге орай пайдалануға берілген мәдениет үйі 300 адамға арналған, оған 319 млн 628 мың теңге қаражат бөлінген. Нысан қос қабатты.

Шара соңы аудан өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

 

Әділет ӘЛІБЕКҰЛЫ