23.11.2017, 10:22
Қараулар: 948
Гран-при «жауған» ай

Гран-при «жауған» ай

Қараша айының теректіліктер үшін сәтті болғанын жасырып қайтеміз. Сәтті болмаса, бір ай ішінде екі мәрте мәдениет саласы республика, облысты мойындатар ма еді?!

Естеріңізде болса, өткен аптада аудандық мәдени-демалыс орталығы жанынан құрылған «Дат» театры облыстық додада топ жарған болатын.

Осы аптада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі, әнші — композитор Донеділ Қажымов әндерін орындаушылардың ІІ -ші республикалық «Ақжайық- ару мекенім» ән фестивалі өтті. Оған мәдени-демалыс орталығы әншілерінен құралған  «Үш қоңыр» триосы қатысып, ән бәйгесінің бас жүлдесін жеңіп алды.

Құрамында Таңат Жексенбаев, Дәурен Жұмағалиев және Асыланбек Шайхин секілді аудан мақтаныштары бар трио, алдымен Сағынғали Сейітовтің сөзіне жазылған «Айлы түн» әнін орындады. Екінші турда Жолбарыс Баязитұлының сөзіне жазылған «Туған елім» әнін жүректерге жеткізе шырқап берді.

Қазақстанның халық әртісі, елімізге танымал әнші Нұрғали Нүсіпжанов бастаған, Бішкек қаласынан арнайы келген ақын, Алыкүл Осмонов және Молдо Нияз атындағы республикалық, Жалаладдин Руми атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың иегері Атантай Акбаров, әнші, Тоқтоғұл Сатылғанов атындағы Қырғызстан филармониясының солисі Октом Калыева, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлнәр Дәукенова қостаған қазылар алқасы Астана, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Орал қаласы, Батыс Қазақстан облыстарынан қатысқан 20 үміткердің арасынан жерлестерімізді жеңімпаз деп тапты.

 

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ