15.11.2017, 11:54
Қараулар: 648
 » 
«Дат» — гран-при иегері!

«Дат» — гран-при иегері!

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында атақты актриса, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған облыстық халықтық театрлар фестивалі мәреге жетті. Оған аудандық «Дат» театры қатысып, күллі мамандар мен театр сыншыларын таң етіп, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.

Осетин драматургі Г.Хугаевтің «Қара шекпен» әфсана-драмасын сахналаған жерлестеріміз тоғыз халықтық театрды және бір драма үйірмесін шаң қаптырып, еңбек пен талпыныстың күшімен тұғырдың биігіне көтерілді.

Құрылғандарына екі жыл болған театр ұжымы халықтық атаққа әлі қол жеткізе қоймады. Дегенмен, Македония «Стоби — 2017» халықаралық театр фестивалінің «Ең үздік әйел образы» аталымының иегері, ҚР мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова бастаған әділқазылар алқасы теректіліктерді өзге театр ұжымдарына үлгі етіп көрсетті. Бұл – үлкен жетістік.

Кез-келген қойылымның сәтті шығуы режиссерге тікелей байланысты. «Қара шекпенмен»  жас таланттардың бағын ашқан режиссер Жамбыл Заев та оң бағаға ие болды. Оның қойылым кезіндегі шешімдері, тың идеялары, өзіндік қолтаңбасы, бәрі-бәрі бас жүлдеге бір қадам жақындата түсті.

Ал, «Қара шекпен» — аң кейіпіндегі адамдар бейнесі көрініс тапқан дүние. Тұзардың(ит) қожайынға деген адалдығы көпшілікті сүйсінтсе, Қосүрейдің(қоян) аңғалдығы залды күлкіге қарқ қылды. Өмірде көпті көрген адамдар болады. Қойылымда бұл миссияны Қуқар(қарға) атқарды. Арамдығы және жауыздығы арқылы нан табуды бойына сіңірген қос қасқыр- Көкжал мен Көкшулан, айлакерлігі арқылы тығырықтан шығатын Сылаң(түлкі), қасқырдың қабағына қарап күн кешетін қортық –заманның шындығы. Қоғамда бар жүкті өзіне артып, митыңдап жүре беретін Кико(есек) да, ештеңеге көңілі толмайтын Бэбе(қой) де кездеседі. Ал, иесіне адал болған, шекпенін қыс бойы күзетіп шыққан итке деген қожайынның жауабы көрерменнің көзіне жас үйіргені шындық. «Мен адамдарға қызмет еттім» деп өлім құшқан Тұзардың ажалы қожайыннан келерін ешкім күтпеген еді. Қойылым:

-Бір-бірімізге,ағайын, досқа,

Иттердей адал болмағанымыз ба?,-деп аяқталады. Одан кейінгі халықтың қошеметінен құлақ тұнады. Әртістерді біраз сахнада жібермей тұрды. Міне, халықтың махаббаты!

Марапаттау кезеңі кезегімен өтті. Аудандық театр әртісі Таңат Жексенбаев «Үздік ер адам рөлі» аталымында жеңімпаз атанса, Гүлмира Төлегенова «Көрермендер көзайымы» болды.

Бас жүлдені еншілеген «Даттан» соң, бірінші орынға  Қазталов аудандық С.Садықов атындағы халықтық театры орнықты.  Рей Кунидің «Тесік тиын» комедиясын сахналаған Қазталов ауданы Жалпақтал ауылдық М.Ғұмаров атындағы халықтық театры  және Тасқала аудандық халықтық театры екінші,  Жәнібек, Қаратөбе аудандық халықтық театрлары мен Бөрлі аудандық «Мұрагер» театры үшінші жүлдені бөлісті.

Айтып-айтпай не керек, фестиваль деңгейі жылдағыға қарағанда жоғары болды. Оны арнайы мамандар да, өнердің жілігін шағып, майын ішкен шеберлер де айтып жатыр. Ал,  ауданымыз еншілеген жүлде – тарихта қалары сөзсіз. Себебі, Теректі ауданында алғаш рет театр құрылып, сол театр алғашқы байқауында гран-при еншілеуі  сөзбен сипаттай алмайтын бақыт.

Осы жетістікпен барша теректіліктерді құттықтап, «Даттың» ғұмыры ұзақ болғай дейміз, әрине!

 

 

Әділет ОРЫНБАСАРОВ