3.07.2017, 15:22
Қараулар: 2348
Көрген де, көрмеген де арманда!

Көрген де, көрмеген де арманда!

Жаһанның назарын аударып, дөңгеленген дүниені дүрмегімен таң еткен Елорда төріндегі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалаушылардың қатарында болғанымды мақтанышпен айта аламын.

Ауданымыз бойынша 40 мәдениет қызметкері жүрдек пойыздың жетегімен Астана  қаласында болып, көрменің ғажабын көзбен көрдік. Көрмеге көзайым болғандардың арасында мәдениет саласының ардагерлері, ауылдық округтердегі клуб директорлары және талантымен тәнті етіп жүрген жас өнерпаздар болды.

Бас қаламызға келіп түскеннен ұйымдастырушылардың шеберлігіне тәнті болдық. Қонақтарды қарсылау деңгейі, жатын орын, тамақтану, көркіне көз тоймайтын көрмені аралату , бәрі-бәрі жоғары деңгейде. Көрмеге байланысты айтылған кей жағымсыз пікірлердің барлығы құр дақпырт. Өзге мемлекеттерден келген қонақтардың жайдары жүзбен жүруі — көрме мен Астанамыздың кереметтілігін аңғартса керек.

Ауданымыздан барған мәдениет қызметкерлері алдымен талай жанның жүрегін жаулаған Елордамызды аралады. Астанамыз күннен- күнге көркейіп, әлемдегі ең сұлу қалалардың қатарына мықтап орныққан екен. Адамға жаңа идеялар мен тың серпіліс сыйлайтын қалада оң өзгерістер көп-ақ. Зәулім сарайлар жан-сарайыңды жаулап, қаланың келбеті бойыңа қуаныш сыйлайды.

Ал «ЭКСПО» қалашығының жөні тіптен бөлек. Түрлі мемлекеттердің павильондарын аралау үшін бір күн аздық етеді. Әлемнің мәдениеті Астана төріне көшіп келгендей. Әр ұлт өзінің ерекшеліктері арқылы қызықтырып, құдды бір ғажайып әлемге шақыратындай. Маған Корея Республикасының назарға ұсынған дүниелері қатты ұнады.  Көліктерінің жөні бір бөлек, бірақ табиғатқа зиян тигізбей мұнай өндеудің қыр-сыры туралы айтқан мағлұматтары кім-кімді болса да қызықтырмай қоймайтыны шындық.

Астана сапарынан тағы бір есте қалғаны- әлемге танымал боп үлгерген режиссер Асхат Маемировтың біздің ұжымға деген құрметі. Бүгінгі таңда «Қазақконцерт» ұйымын басқарып отырған Асхат Максимұлы көрме аясында сахналып жатырған «Ромео – Джульетта» мюзиклін тегін тамашалауға мүмкіндік сыйлады. Бұл теректілік мәдениет қызметкерлері үшін күтпеген сый болды. Осы орайда, керемет қойылымның куәгері болуға жағдай жасаған, елдің ұлы атанған жерлесімізге алғыс білдіргіміз келеді.

Астанадағы санаулы күндер санамызда мәңгілік қалатынына сеніміз мол. Туған күніңмен, Елорда! Күллі әлемнің басын қосқан көрме ел абыройын арттырсын!

 

 

Мәулет Жұбатов,

Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар