22.06.2017, 9:41
Қараулар: 2580
Әкім болдың, мінеки..

Әкім болдың, мінеки..

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай аудандық Мәдениет үйі залында Долин ауылдық округі әкімін сайлау болды. Оған мәслихат депутаттары тегістей қатысып, ұйымшылдық танытты.

Сайлау ҚР-ның аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерін қызметке сайлау, өкілеттілігін тоқтату және қызметтен босату қағидаларының 57, 59 тармақтарына сәйкес өтті. Оған  дейін әкімдікке үміткер 3 азаматтың сайлауалды бағдарламалары тыңдалып, сенімді өкілдердің үміткер турасындағы  мағлұматтары да назарға алынған болатын.

Халық қалаулылары өз таңдауын жасаған соң, аумақтық сайлау комиссиясы шешім шығарды. Аудандық мәслихат депутаттары берген дауыстың басым көпшілігін жинаған Талғат Манатауов Долин ауылдық округінің әкімі атанды. Су жаңа әкім 1962 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Ел қамын ойлайды деген абыройлы жүкті арқалауға бел буған Талғат Бисенғалиұлы осыған дейін Подстепный ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Енді әкім халқына жақын болып, сенімді ақтайды деп ойлаймыз.

 

Әділет ЗЕРЕ