16.03.2017, 14:29
Қараулар: 366
 » 
«Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…»

«Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып…»

14 наурызда аудан орталығы Федоров ауылында тек батыс өңіріне ғана тән амал мереке – Көрісу күні аталып өтілді.


Алаңға ауылымыздың үлкен-кішісі тайлы-тұяғы қалмай түгел жиналды. «Амандық тілегендердің ырысы мен бір ісі артық, мерейі де үстем болады» дескен қариялар бір-бірімен көрісіп, мәре-сәре болды. Балалар да ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелердің батасын алуға асықты. Күмбірлеген домбыра үні мен әуелеген әсем әнге елтіген халықтың қуанышында шек болмады.

                 Жиында аудан әкімі Мұрат Мұқаев, мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев және ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлім Қоқашев Ұлыстың ұлы күнімен барша жұртты құттықтады.

                 «Үсті-басы ақ қырау, түсі суық» қыстан аман-есен шығып, Жаңа жылға жеткен тұрғындар арнайы әзірленген дастарханнан дәм татты.
Бұл күнді балғындар алтыбақан тебумен, асық ойнаумен көңілді өткізді. Шара соңында ұйымдастырушылар асық ойнаушылар қатарынан мергендерді таңдап, сыйлықтармен марапаттады.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА