29.04.2016, 11:53
Қараулар: 2572
Жаңа өзгеріс — жаңа мүмкіндік

Жаңа өзгеріс — жаңа мүмкіндік

DSC_0002Бүгінде еліміздің білім беру саласына көптеген өзгерістер енді. Осы тұрғыда аудандық білім беру бөлімінің басшысы Дайыр Сапаровпен сұхбаттасуды жөн көрдік.

 —          Ауданымызда 12 жылдық білім беру үрдісіне көшкен мектеп бар екен. Сол жөнінде айта кетсеңіз?

 —          «Жаңартылған білім беру мазмұнын пилоттық енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің бұйрығын орындау мақсатында бастауыш, негізгі, жалпы орта білім берудің оқу бағдарламаларын оқулықтармен апробациялау бойынша эксперименттік алаң ретінде, ауданымыздағы Шаған ЖОББМ бекітілді. Сол мектепте 12 жылдыққа көшу мақсатында республикалық апробация жүріп жатыр. Апробация дегенге тоқталсақ, биыл 1-сыныпқа барған 80 баланың, 70-і қазақ (3 сыныпқа бөлінді), ал 10-ы орыс сыныбында оқиды. Қарапайым мектептен айырмашылығы — жас ерекшелігіне сәйкес 12 жылдықтың оқулығымен оқытылуында. Және облыстық білім басқармасының айтуы бойынша, 1-сыныпты қабылдаған ұстаз міндетті түрде Назарбаев зияткерлік мектебінің курсынан өтуі тиіс. Ол курстың негізгі мақсаты — ағылшын тілін дамыту.

 — 2016 жылдың 14 қаңтарында мектеп формасын енгізу туралы министрдің бұйрығы шыққан болатын. Оқушыларды бірыңғай мектеп формасында қашан көреміз? 

 — Барлық мектептерде мектеп формасын ұйымдастыру қолға алынуда. Соған байланысты 6 мектептің ата-аналар қоғамдық кеңесінің жиналысына қатыстым. Жалпы, 25 мамырға дейін кез келген мектепте жиналыс өткізіліп, мектеп формасының үлгісі мен түсі анықталуы керек. Демек, Алла бұйыртса, 2016 жылдың 1 қыркүйегінен бастап, бірыңғай мектеп формасына көшеміз.

 — Кітап жетпейтінін көп естиміз. Осы жайлы не айтасыз?

 — Жуырда 30 мамырға дейін барлық оқушыға келесі оқу жылының кітаптарын беру жөнінде бұйрық шыққан болатын. Оқушы өзіне жетпеген оқулықтарды ата-анасына ескертіп, алдын-ала іздестіріп, сақадай сай болар еді. Алдағы оқу жылында тек 1-сынып пен 7-сыныптың оқулықтары ғана өзгереді. 2016-2017 оқу жылы қарсаңында «Мектепке — оқулықпен» республикалық акциясын өткізуді жоспарлап отырмыз.

 — ҰБТ-ға дайындық-тарыңыз қалай жүріп жатыр?

 — Аудан бойынша 23 орта мектеп бар, онда 5881 бала білім алуда. Соның ішінде 339 бала 11-сыныпты тәмамдайды. 258 шәкірт бірыңғай ұлттық тест тапсырып, бағын сынамақшы. Осы уақытқа дейін әр мектепішілік тестті көрнекі құралдармен, былтырғы, биылғы жылғы брошюралармен 12-15 рет өткізді. Әзірше орташа балл — 82-84%. Айта кететін жәйт, шама келсе оқушы таңдаған пәнін өзгертпегені дұрыс. Асығыс шешім қабылдамай, бәрін ой елегінен өткізсе деймін.

— «Алтын белгіге» қанша үміткер бар?

— «Алтын белгіге» 34 үміткерді анықтап, облыстық білім басқармасына тізімін тапсырдық. Ерекше аттестатқа ие болғалы тұрған 12 оқушым бар. «Үміт» лингвистикалық гимназиясының 20 шәкірті — «Алтын белгі», 8-і «Үздік аттестатты» қорғамақшы. «Үміттің» 36 оқушысының 20-ы «Алтын белгі» иегері атанса, өте жақсы болар еді.

 — Аудан әкімінің есеп беруінде «барлық мектептердің ыдыс-аяқтары жаңартылады» дегенді естіп қалдық. Осы мәселеге тоқталсақ?

 — Аудандық экономика бөлімі халықтан түскен салықты округ әкімдеріне бөліп берді. Мүмкін, біреулерге ыдыс-аяқ емес, спорттық құрал-жабдықтар немесе өрт сөндіруге арналған техникалар керек шығар. Сол себепті әр мектеп өз қажетін өздері алуға құқылы.

 — Оқу жылының аяқталуына санаулы ғана күндер қалды. Жазғы демалысты ұйымдастыру мәселесі қалай болар екен?

— Өте орынды сұрақ. Жазғы демалыс бізде аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен Шалқар көлінің жағасында өтеді. Азқамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына ұйымдастырамыз. 1-4 сыныпта азқамтылған — 602, 5-7 сыныпта көпбалалы отбасынан шыққан 1200 оқушы бар. Солардың ішінен 25 баланы таңдап, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына байланысты Астанаға жібергіміз келеді. Және шет елдегі сауықтыру орындарына 50 жолдама алмақ ойымыз да бар. Ал, Италия қаласына бөлінген 2 жолдама лайықты ең үздік оқушыларға берілмек.

 — Жазда мектептерде жөндеу жұмыстарының басталатыны белгілі. Биыл күрделі жөндеуден өтетін мектеп бар ма?

 — Биыл күрделі жөндеуден Приречный жалпы орта білім беретін мектебі өтеді. Жобалық-сметасы әзір, тексеріс жағынан да толық дайын. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырмақшымыз.

Сонымен қатар Ұзынкөл ауылына жақында ғана газ тартылған болатын. Енді мектеп жанынан бу қазаны салынып жатыр. Яғни, бұйырса, мектепке жылу кіреді. Және халықтың сұрауы бойынша, Новопавлов мектебінің жанынан балабақша ашуды да көздеп отырмыз.

 — Мектеп оқушылары қаншалықты ыстық тамақпен қамтылуда?

 — Ауданымызда 41 мектеп бар. Бірақ оның 36-сында ғана оқушылар ыстық тамақпен тамақтанады. Кейбір ауылдарда асхананың жоқтығына байланысты жеңіл-желпі тағам жеп, жүрек жалғап алады. Аудан бойынша 5061 бала ыстық тамақпен толық қамтамасыз етіліп отыр. Әсіресе, 1749 азқамтылған отбасының балалары тегін тамақтануда. Және ауданымыздағы 7 мектеп жатақханасында тәрбиеленуші 307 шәкірт үкімет тарапынан тегін тамақтануда.

 —          Болашаққа жоспарыңыз қандай?

 —          Жазғы демалысқа қарай жаңа керуеттер сатып алып, мектеп-жатақханаларын жандандырғым келеді. Қаржы бөлінсе, барлық мектептерді интерактивті тақтамен қамтамасыз етуді ойлап жүрмін. Айта берсең, жоспар көп-ақ. Бәрі де өз уақытымен орындалады деген сенімдемін.

 —          Дайыр Қадырұлы, алтын уақытыңызды бөліп, әңгімелескеніңізге көп рахмет. Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіз. Еңбегіңіз табысты да жемісті болсын!

 — Рахмет, айналайын!

 Әңгімелескен Күлімхан Тасенова

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар